Өңірде өндіріс орындары, зауыттар ашылып жатыр.
Түркістан облысында халықты еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар жанданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімдігінде өткен апталық аппараттық мәжілісте халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы қаралды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы саладағы мәселелер мен түйткілдерді тарқатып, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.
– Өңірімізде өндіріс орындары, зауыттар ашылып жатыр. Сол зауыттарға жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру керек. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері, «Мансап» орталықтары осы істі үйлестірсін. Тұрғындар үшін зауыттарға экскурсия ұйымдастырыңыздар, ақпарат беріңіздер, жұмысқа орналасуына көмектесіңіздер. Қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек. Екіншіден, кәсіпорындардың зейнетақы аударымдарын тұрақты аударуын қадағалау қажет. Сонымен бірге электронды еңбекшарттарын үйлестіру, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудару және жазатайым оқиғадан сақтандыру шарттарының орындалуын қадағалауды тапсырамын. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының айтуынша, еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде электронды еңбек шарттарын тіркеу бойынша жоспарланған 11509 адамның 8485-імен еңбек шарттары электронды форматта рәсімделді. Бұл жұмыстарға 2964 мекеме қатысып, көрсеткіштерді арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Міндетті зейнетақы жарналарын аудару бойынша да оң динамика қалыптасты. Бүгінде облыс көлемінде 9 743 мекеме 47 431 азамат үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған. Бұл азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, болашақ зейнетақы жүйесіне қатысуын қамтамасыз етеді.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Қазіргі таңда 308 мекемеде сақтандыру шарттары рәсімделген. Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Облыста тіркелген жұмыссыздар арасынан анықталған NEET санатындағы жастармен жұмыстар жүргізілуде.
Мәжілісте халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту, электронды еңбек шарттарын толық рәсімдеу, міндетті зейнетақы жарналары мен сақтандыру шарттарын заң талаптарына сәйкес қамтамасыз ету, сондай-ақ NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту шараларына кеңінен тарту бойынша нақты міндеттер жүктелді.


