Жаңа жүйе тұтынушылар үшін қосымша қолайлылықтар жасап, бақылау тексерулерінің санын азайтуға, есеп айырысудың ашықтығын арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Түркістан облысында «Aqyl Energy» газды цифрлық есепке алу жобасы іске асырыла бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Түркістан облысы аумағында заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы тауарлық газды есепке алу жүйесін жетілдіруге бағытталған «Aqyl Energy» жобасын іске асырудың басталғанын хабарлайды.
Жобаның бірінші кезеңі аясында 2026-2027 жылдары Түркістан облысында деректерді қашықтан беру функциясы бар 283 мыңнан астам зияткерлік газ есептеу құралын орнату жоспарлануда. Жобаны іске асыру тауарлық газ көлемін есепке алудың дәлдігін арттыруға, деректерді жедел алуды қамтамасыз етуге және газбен жабдықтау процестерінің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе тұтынушылар үшін қосымша қолайлылықтар жасап, бақылау тексерулерінің санын азайтуға, есеп айырысудың ашықтығын арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Жоба сондай-ақ тауарлық газды есепке алу деректерін басқаруға арналған заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді көздейді. Бұл өңірдің газ инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртуға, есепке алу жүйесінің сенімділігін арттыруға және халыққа арналған цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.
«Aqyl Energy» жобасын іске асыру Қазақстан Республикасының газ саласын цифрлық трансформациялау жөніндегі ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады және тауарлық газды есепке алудың заманауи, тиімді әрі қауіпсіз жүйесін құруға бағытталған.


