Түркістан облысында 794 елді мекен бас жоспармен қамтылған

0
170

Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарлары бекітілген жол картасына сәйкес әзірлену үстінде.


Түркістан облысында 794 елді мекен бас жоспармен қамтылған

Түркістан облысында 794 елді мекен бас жоспармен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аудан-қалалардың бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының орындалу барысы талқыланған мәжіліс өтті. Жиында өңірдің сәулет және қала құрылысы саласындағы өзекті мәселелер қаралып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Облыс аумақтарын кешенді дамыту мақсатында 2023-2024 жылдары «Түркістан облысының аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы» әзірленген. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр.

Бүгінде Түркістан облысында 801 елді мекеннің 794-і бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарлары бекітілген жол картасына сәйкес әзірлену үстінде.

Жиында Түркістан қаласының жаңадан бекітілген Бас жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен бекітілген құжатқа сәйкес, қала аумағы 22,3 мың гектарды құрайды. 2044 жылға қарай Түркістан халқының саны 400 мың адамға дейін өседі деп болжанған. Сонымен қатар тұрғын үй қоры ұлғайтылып, көпқабатты тұрғын үйлер салынатын аумақ кеңейтіледі.

Туристер санын жылына 5 миллион адамға жеткізу, өндірістік аймақ көлемін арттыру және өңір экономикасын 500 млрд теңгеге дейін өсіру жоспарланған.

Облыста 2025-2029 жылдарға арналған жол картасы аясында 387 елді мекеннің бас жоспарларын әзірлеу және түзету көзделген. Оның ішінде 2025 жылы 106, 2026 жылы 81, 2027 жылы 76, 2028 жылы 65 және 2029 жылы 59 елді мекеннің бас жоспарларына өзгерістер енгізіледі.

Жиында облыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының орындалу жағдайы қаралды. Қазіргі таңда 7 қала мен халқы 5 мыңнан асатын елді мекендер 58 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған.

Жиын қорытындысында Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне жол картасында белгіленген барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауды, бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын сапалы әзірлеуді және цифрландыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Тапсырмалардың орындалуына жауапкершілікпен қарауды ескертіп, жұмысты созбалаңға салған лауазымды тұлғаларға тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.

Бөлісу