​Түркістан облысы аграрлық салада көш бастады

0
141

556 мың тонна мақта, 592 млн доллар экспорт


​Түркістан облысы аграрлық салада көш бастады

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ауқымды іс-шарада өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ саланың үздік еңбеккерлері мен озат аудандар марапатталды.

Фестиваль алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен кәсіпкерлер өз тауарларын көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге келушілер жергілікті өнімдердің түр-түрімен танысып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жетістіктерін көрді. Асыл тұқымды мал және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке мен көрмені тамашалаған қонақтар Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріне жоғары бағасын берді.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бүгінде облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл республикадағы жалпы көрсеткіштің 33 пайызын құрайды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, өндірісті жаңғырту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өңір аграрлық салада елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14 пайызы облысымызға тиесілі. Биыл 10 айда 1 трлн 252 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 7 пайызды құрады. Салаға 236 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Экспорт көлемі 592 млн долларға жетіп, былтырмен салыстырғанда 1,7 есеге артты. Ал қайта өңдеу өнімдерінің көлемі 150 млрд теңгеден асты. Мұның барлығы – ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің марапаттары табысталды. Еңбегімен ерекшеленген азаматтар «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында үздік деп танылған Отырар ауданы бірінші орынмен марапаталса, Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдіктері екінші және үшінші орынды бөлісті. Фестиваль аясында «Growmart AI» цифрлық агрохабын құру жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Айта кетейік, биыл облыста егіс көлемі 9 мың гектарға ұлғайып, 920 мың гектарға жетті. Диқандар 534 мың тонна астық, 1,7 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,5 млн тонна бақша өнімдерін жинады. Әсіресе мақта шаруашылығында тарихи нәтиже тіркелді. Озық агротехнологияларды енгізудің арқасында мақта өнімділігі гектарына 32 центнерге жетіп, жалпы 556 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар 5,6 млн тонна мал азығы дайындалды.

Мақта-тоқыма кластері аясында төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспалары мен пластик құбырлар шығаратын кәсіпорындар және жіп иіру фабрикасы іске қосылған. Нәтижесінде 1 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Шардара ауданында құны 32 млрд теңге болатын, жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт іске қосылды. Биылдың өзінде 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жалпы көлемі 164 мың гектарға жетті.

Мал шаруашылығы бойынша да Түркістан облысының республикадағы үлесі жоғары. Қазақстаннан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыста өндіріледі. Биыл 10 айда 35,5 мың тонна сиыр еті және 25 мың тонна қой еті экспортталған. Өңірде ет кластерін дамыту мақсатында 75 мың басқа арналған алты бордақылау алаңы мен жылдық қуаттылығы 30 мың тонналық ет өңдеу кешені іске қосылған. Бұдан бөлек, жылына 5 мың тонна мал сүйегінен май және пептон өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады.

Бөлісу