Өрттен қаза тапқандар арасында 4-сынып оқушысы болған.
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy
ERNUR.KZ. Алматының Бостандық ауданындағы бес адамның өмірін қиған өрттен аман қалған тұрғындардың бірі сол түні қалай құтылғанын айтып берді. Өрт болған үйде отбасымен бірге бөлме жалдап тұрған Анар Қадырбекқызының сөзінше, олар қою түтіннің иісінен оянып, терезе арқылы қашып шыққан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Анар Қадырбекқызы қайғылы оқиға сағат 04:00 шамасында болғанын айтады. Оның сөзінше, ол түнде жағымсыз иістен оянып, қызыл жалынды байқаған.
«Түнде оянып кеткенде терезе жақтың бәрі өртеніп жатыр екен. Бірден отбасымды ояттым. Бәріміз асығыс орнымыздан тұрып, қолымызға іліккен заттарды алып, сыртқа шығуға тырыстық. Есікті ашып көргенімізде, дәлізді қою түтін басқан. Дем алуға мұрша болмады. Сондықтан есікті қайта жауып, терезеден шығуға мәжбүр болдық», – дейді ол.
Куәгердің айтуынша, олар сыртқа шыққанда өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі оқиға орнына келіп үлгерген. Алайда үйдегі бес адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.
«Өкінішке қарай, көрші бөлмелерде тұрған бес адам қаза тапты. Олардың арасында біз сияқты бөлме жалдап тұрған көршілеріміз де бар. Екі жігіт тұрған, олар өзбек азаматтары еді. Сондай-ақ бір әйел қызымен тұрған. Кішкентай қыз да қаза тапты. 4-сыныпта оқитын еді», – деді Анар Қадырбекқызы.
Қазір баспанасыз қалған отбасы әкімдік ұсынған қонақ үйге бармақ.
«Біз өзімізбен бірге ештеңе алып шыға алмадық. Қандай киіммен болсақ, сол күйімізде терезеден шықтық. Барлық затымыз үйде қалды, бәрі өртеніп кетті. Тек телефонды ғана алып үлгердік. Бізге қонақ үй берілетінін айтты. Енді сол жерге барамыз, өйткені тұратын басқа баспанамыз жоқ», – дейді ол.
Сондай-ақ куәгер бір дәлізде 7-8 бөлме болғанын және әр бөлмеде кемінде 2-3 адам тұрғанын айтты.
«Біздің тұрған жеріміз дәліз арқылы жалғасқан бөлмелерден тұратын. Барлық бөлменің есігі бір жаққа, ортақ дәлізге қарай ашылатын. Ең бірінші бөлмеде бір әйел екі қызымен тұрған. Келесі бөлмеде екі әйел тұрған, олар да қаза тапты. Қалған тұрғындар аман қалды. Көршілеріміздің арасында үш кішкентай баласы бар отбасы да болды», – деді ол.
Анар Қадырбекқызы үйде газбен жылытатын жүйе болғанын, ал тамақ дайындау үшін газ баллондарын пайдаланғандарын да айтты. Дегенмен өрттің нақты неден және қай жерден басталғанын білмейтінін жеткізді.
Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шығып, бес адам, оның ішінде бір бала қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Өрттен баспанасы зардап шеккен тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Қазір өрттің шығу себебі мен қайғылы оқиғаның өзге де мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.


