ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік рәміздер күнінде Созақта 29 отбасы қоныс тойын тойлады

0
81

Баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жиналған жұртшылықпен бөлісті.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік рәміздер күнінде Созақта 29 отбасы қоныс тойын тойлады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Созақ ауданы орталығындағы Жеткіншек ықшам ауданында 29 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Қоныс тойының қуанышын бөлісуге аудан тұрғындары, ардагерлер қатысты.

Іс-шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін құттықтады. Баспананың әрбір отбасы үшін ерекше маңызға ие екенін және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасарын атап өтті.

– Баспана – әр шаңырақтың берекесі мен бақытының бастауы. Бүгінгі қоныс тойы – мемлекетіміздің әлеуметтік қолдау саясатының нақты нәтижесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде белгілеп келеді. Соның нәтижесінде ауданымызда да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ізгі тілегін білдіріп, жаңа қоныс иелеріне амандық пен бақ-береке тіледі.

Баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жиналған жұртшылықпен бөлісті.

Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды іріктеу жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй алушылар азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде айқындалады.

Бүгінде Жеткіншекте тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Қазіргі таңда пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталған сайын бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталмақ. Сонымен қатар 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

Бөлісу