ТҮРКІСТАН: Мақтаарал ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңғыртылуда

0
83

Жұмыстар ауылдардың келбетін түбегейлі өзгертіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді.


ТҮРКІСТАН: Мақтаарал ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңғыртылуда

ERNUR.KZ. Мақтаарал ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық аумақтарды дамыту бағытында соңғы алты жылда ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендердің инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңғыртылды. 2019-2025 жылдар аралығында ауданға миллиардтаған теңге инвестиция тартылып, жолдар жөнделіп, білім, мәдениет және спорт нысандары жаңартылды. Бұл жұмыстар ауылдардың келбетін түбегейлі өзгертіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді.

Бағдарламаның алғашқы жылында, яғни 2019 жылы 494,3 млн теңге бөлініп, Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 13 елді мекендегі 13 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы қаржы көлемі 1,04 млрд теңгеден асып, 31 елді мекенде 25,1 шақырым жол жөнделді. Атакент кентіндегі В. Комаров атындағы мектеп жаңартылып, Мырзакент кентіндегі орталық стадион қайта жаңғыртылды.
2021 жылы 723,3 млн теңге толықтай жол инфрақұрылымына бағытталып, 35 елді мекенде 38,5 шақырым көше жөнделді. Ал 2022 жылы 2,89 млрд теңге бөлініп, бұл кезең аудан тарихындағы ең ірі инвестициялық жылдардың біріне айналды. Осы жылы Мырзакентте спорт кешенінің құрылысы басталып, Жалын және Т. Жайлыбаев елді мекендерінде мәдениет үйлері мен кітапханалар салынды. Сондай-ақ Дихан ауылында газбен жабдықтау желілері тартылды.
2023 жылы 1,2 млрд теңге игеріліп, 45,6 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар Өркениет елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 2024 жылы 2,03 млрд теңге бөлініп, 34,8 шақырым жол жөнделіп, Өркениет ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Алғабас ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. 2025 жылға 2,02 млрд теңге жоспарланып, 27,1 шақырым жол жөнделді. Сонымен бірге Ынталы және Ж. Қалшораев ауылдарында мәдениет үйлері мен кітапханалар құрылысы аяқталып, Үлгілі елді мекеніндегі мәдениет үйі жаңартылып, халық игілігіне берілді.
Жалпы, алты жыл ішінде Мақтаарал ауданында ондаған әлеуметтік нысан салынып, жүздеген шақырым жол жөнделді. Бұл тек статистика емес, ауыл тұрғындарының күнделікті өміріндегі нақты оң өзгерістердің көрінісі. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы өңірде ауылдарды дамытуға бағытталған тиімді құрал ретінде өз нәтижесін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да осы қарқын сақталып, ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмыстары жалғасады.