Кеңес барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Түркістан облысында идеологиялық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында аудан, қала әкімдерінің идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары мен облыстық басқарма басшыларының қатысуымен идеологиялық кеңестің отырысы өтті.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, өңірдегі идеологиялық жұмыстардың өзекті бағыттарына тоқталды. Кеңес барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жастар саясаты, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт, дін салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.
Отырыста Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл өңірдегі идеологиялық жұмыстың қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықов, білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы және өзге де жауапты тұлғалар салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды мәлімдеді.
Кеңес барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының идеологиялық жұмыстың тек ақпарат тарату шеңберінде қалмай, тәрбие, мәдениет, білім, әлеуметтік және рухани салаларды кешенді түрде қамтуы тиіс екендігі жөніндегі тапсырмасына тоқталды. Сонымен қатар көтірілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, облыстағы идеологиялық жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі аталып өтті.


