ТҮРКІСТАН: Ахуалдық орталыққа 800-ден астам бейнекамера қосылған

0
169

Мекеме тарапынан облыс аумағында ауқымды шаралар жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Ахуалдық орталыққа 800-ден астам бейнекамера қосылған

Түркістан облысы бойынша ахуалдық орталыққа жалпы 824 бейнекамера қосылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Цифрлық даму орталығы» мекемесінің мемлекеттік-жекешелік әріптестікті бақылау бөлімі - өңірдегі бейнекамералардың жұмысын бақылау және құқық бұзушылықтарды бейнебақылау арқылы анықтап, жергілікті полиция қызметкерлеріне хабарлаумен айналысады. Бүгінгі таңда облыс бойынша ахуалдық орталыққа жалпы 824 бейнекамера қосылған. Бұл жайында мекеме басшысы Талғат Әшірбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Мекеме тарапынан облыс аумағында ауқымды шаралар жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы өңірде ашылған 25 жаңа мектептің 23-і толықтай интернетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, облыстағы 806 мектеп пен балабақшаның бейнекамералары «Жедел басқару орталықтарына» сәтті интеграцияланды. Ал, техникалық қолдау бөлімі тарапынан өткен жылы өңірде барлығы 5 000 антивирустық бағдарлама орнатылып, 100 аппараттық-бағдарламалық кешен және 220 жалпы бейнебақылау камералары іске қосылды» - деді спикер.

Сонымен қатар, аталған мекеме басшысының орынбасары Жансая Алпамысованың айтуынша, облыс аумағында тәулік бойы тұрақты қызмет көрсететін 109-бірыңғай байланыс бөлімінде де өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, 2025 жылы орталыққа 162 320 өтінім түскен болса, 160 450-сы уақытылы орындалған. Ал, 2026 жылдың 17 сәуіріне дейін жалпы 54 828 өтініш тіркеліп, оның 54 320-сы уақытылы шешімін тапқан. Ал, 272 өтінім орындалу барысында.

Бөлісу