Баланың анасы инені сәби өздігінен жұтпағанын жеткізді.
Түркістан облысында 8 айлық сәбидің іш қуысынан ине табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне қызылшаға күдікпен 8 айлық сәби жеткізілді. Тексеру барысында жүргізілген рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат — ине анықталды.
Сәбидің мазасыздануы мен дене қызуының көтерілуі жұқпалы аурумен емес, дәл осы бөгде заттың әсерінен болғаны белгілі болды.
Дәрігерлердің айтуынша, иненің баланың асқорыту жолы арқылы емес, бауыр тұсынан енгені анықталған. Баланың анасы инені сәби өздігінен жұтпағанын жеткізді.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының және Түркістан қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері бірлесіп, шұғыл ота жасап, қажетті ем-шараларды толық көлемде жүргізді. Уақытылы жасалған хирургиялық ота мен тұрақты емнің арқасында сәби қазіргі таңда жылдам қалпына келіп келеді.
Бұл жағдай сәбидің анасы тарапынан барлық ата-аналарға арналған сақтық үндеуі болды. Ол балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тұрмыстық заттарға мұқият болуға шақырады.


