​Смартфон СУҒА түссе: Фенмен кептірмеңіз, күрішке салмаңыз!

0
223

Құрылғыны бұзылудан сақтайтын ең дұрыс қадамдарды осы жерден біліңіз


​Смартфон СУҒА түссе: Фенмен кептірмеңіз, күрішке салмаңыз!

фото: i.ytimg.com

Су мен смартфон – «бастары бір қазанға сыймайтын» заттар. Тіпті телефоныңызда суға қарсы IP68 қорғанысы (1,5 метр тереңдікке 30 минутқа дейін шыдау) болса да, оған көп иек артпаған абзал. Бұл қорғаныс құрылғының қандай суға түсіп кетсе де, аман қалатына 100% кепілдік бермейді.

Смартфон үшін судың өзі емес, оның құрамындағы тұздар мен минералдар қорқынышты. Өйткені олар су буланғаннан кейін коррозия мен қысқа тұйықталуға әкеп соқтырады.

Көпшілік арасында смартфон суға түсіп кеткенде кәдеге жаратуға болатын лайфхактар кеңінен таралған. Мысалы, оны күрішке батырып қою, күн көзінде қалдыру, шаш кептіретін құрылғымен жылы ауа үрлеу, тағы сол сияқтылар. Алайда, бұл әдістердің шыққанына он жылдан асты. Ал заманауи смартфондар он жыл бұрынғы ескі үлгілердей емес. Олардың іші мейлінше тығыз жиналған, корпусы герметикалық тұрғыдан күрделі және микросхемалары өте сезімтал. Сондықтан бұрынғы «халықтық әдістер» бүгінгі гаджеттерге көмектесудің орнына, керісінше, оларды толығымен істен шығарып жіберуі әбден мүмкін.

Бұл жағдайда шынымен көмектесетін, қауіпсіз әрі нақты қадамдар жоспарын дайындадық.


Алғашқы 3 минут бәрін шешеді

  • Телефонды судан мүмкіндігінше жылдам шығарып алыңыз. Әрбір секунд бұзылу қаупін арттыра түседі.
  • Телефонды қоспаңыз! Тіпті экраны бұрынғыша жұмыс істеп тұрса да. Көп адамдар экран жанып тұрғанын немесе қоңырау шалынып жатқанын көріп, «ештеңе болмады» деп қатеседі. Алайда ылғал біртіндеп ішке өтіп, микросхемаларды тотықтыруы үшін бірнеше сағат немесе тіпті тәулік керек болуы мүмкін. Сондықтан экран жұмыс істеп тұрса да, оны қолданбаған жөн. Мүмкіндігінше, батырмаларын да баспауға тырысыңыз. Дереу өшіру – ең дұрыс қадам. Егер аккумуляторы алынатын болса, шығарып алыңыз. Қосулы тұрған телефон – жұмыс істеп тұрған электр тізбектері деген сөз. Бұл коррозияны жылдамдатып, қысқа тұйықталуға әкеп соғуы мүмкін.
  • Смартфоннан ажыратуға болатын бөлшектердің бәрін шешіңіз. Мәселен, қорғаныш қабын, экрандағы қорғаныс шынысын, SIM-карта мен жад картасының ұяшығын, бәрін алыңыз. Мұның бәрі ылғалды смартфонға жанастырып ұстап тұрады.
  • Жұмсақ, түксіз матамен немесе қағаз сүлгімен ылғалды сүртіп алыңыз. Әсіресе зарядтау порттарын, құлаққап ұяшығын және динамиктерді мұқият тазалаңыз. Тым қатты сүртпеңіз және экранға күш салып баспаңыз.
  • Телефонды ұяшықтарынан су тамшылары шығуы үшін абайлап, жаймен сілкіңіз. Сілкілеу кезінде ұяшықтары төмен қарап тұратындай ұстаңыз.


Мыналарды мүлде жасауға болмайды!

Фенмен кептірмеңіз

Фенмен кептіру – телефонды біржолата «өлтірудің» ең жылдам жолы. Ыстық ауа ылғалды ішке қарай тереңірек айдау қаупі бар. Оған қоса, бөлшектерді ерітіп жіберуі немесе батареяны зақымдауы мүмкін.


Күрішке салмаңыз

Күріштің ауадағы ылғалды тартып, өзін сіңіретіні рас. Бірақ корпус ішіндегіні емес. Сіз телефонды күрішке салып, оның нәтижесін күтіп уақыт жоғалтасыз. Бұл уақытта тұздар мен минералдар микросхемаларды бұзуды жалғастыра береді. Сондықтан бұл – пайдасыз әдіс.


Қуат көзіне жалғамаңыз

Кем дегенде 5 сағат, ең дұрысы, бір-екі тәулік құрылғыны қоспаңыз және зарядтамаңыз. Телефон сырттай кеуіп қалған сияқты көрінеді, бірақ ішінде әлі де ылғал қалуы мүмкін. Мұндай күйде зарядтауға қосу қысқа тұйықталуға соқтырады. Гаджетті құрғақ, желдетілетін жерге қойып, 24–48 сағат күткен дұрыс.


Шын мәнінде көмектесетін әдістер

Табиғи кептіру. Телефонды құрғақ, жылы, күн көзі тікелей түспейтін және жақсы желдетілетін жерге қойыңыз. Кемінде 24–48 сағатқа қалдырыңыз. Бөлме температурасындағы ауаны жаймен үрлеп, ауаны айналдырып тұруы үшін желдеткіш қосып, соның алдына қоюға болады.

Силикагель. Егер ылғалды тартып, өзіне сіңіретін зат керек болса, күріш емес, силикагельді қолданыңыз. Силикагель – аяқкиім мен техника қорабынан шығатын шағын қағаз пакеттегі түйіршіктер. Оның ылғал сіңіру қабілеті әлдеқайда жоғары. Бірнеше силикагель қалташасын және телефонды герметикалық контейнерге біраз уақытқа салыңыз.

Сығылған ауа. Смартфон ұяшықтарын фенмен емес, сығылған ауа баллонымен абайлап үрлеуге болады. Бұл қолжетімсіз жерлердегі ылғал қалдықтарын кетіруге көмектеседі.

Кәсіби тазалау. Сұйықтықтың әр түрі смартфон үшін әрқалай қауіп төндіреді. Мысалы, таза суға қарағанда теңіз суы (тұздылығы жоғары болғандықтан) немесе газдалған, тәтті сусындар (қант микросхемаларды жабыстырып, лезде коррозия тудырады) әлдеқайда қауіпті. Сондықтан зақым тәтті сусын, теңіз суы немесе майлы сұйықтықтан келсе, өзім тазалап-кептіремін деп әлек болудың қажеті жоқ. Бірден сервис орталығына апарған жөн. Олар құрылғыны бөлшектеп, ультрадыбыстық ваннада тазартып, дұрыс кептіреді.

Коррозияның алдын алу үшін спирт қолдану. Кәсіби мамандар кептіргеннен кейін коррозияны тоқтату үшін контактілерді спирт қосылған ерітіндімен өңдеуге кеңес береді. Бірақ мұны смартфонның ішкі құрылымын жақсы білсеңіз ғана жасаңыз.


Мобильді қосымша көмектесе ме?

Заманауи смартфондар арасында танымал тәсіл – суды шығауға арналған мобильді қосымша немесе онлайн-сервистер. Олар арнайы дыбыстық жиіліктер мен дірілдің көмегімен динамиктегі немесе порттардағы ылғалды сыртқа қағып шығарады. Белгілі бір Hz (герц) жиіліктегі дыбысты немесе синусоидалы толқынды қосады. Осы кезде динамик мембранасы қарқынды түрде қозғалып, дірілдейді де, іштегі су тамшылары сыртқа қарай шығады.

Speaker Cleaner (Android / iOS) – динамиктен су мен шаңды шығаруға арналған ең танымал қосымшалардың бірі. Ол автоматты немесе қолмен реттелетін жиілік режимін ұсынады.

Clear Speaker / Water Eject қосымшалары – App Store мен Google Play дүкендерінде осыған ұқсас атаумен жүздеген тегін ұсыныстар бар. Олардың жұмыс істеу принципі бірдей – дыбыс қаттылығын максималды деңгейге қосып, белгілі бір жиілікті іске қосуды талап етеді.

iPhone кірістірілген әдістері – Apple экожүйесінде «Water Eject» деп аталатын арнайы Shortcuts (Төте жолдар) сценарийлері бар. Оны бір рет орнатып алсаңыз, Siri-ге команда беру арқылы немесе бір батырма арқылы динамикті тазартатын дыбысты қоса аласыз.

Дәл осындай мақсатта YouTube желісінде немесе арнайы сайттарда «Water Eject» дыбыстарын қосып, бірнеше минут ішінде нәтиже алуға болады.

Десе де, бұл әдіс тек динамик торшаларында немесе порттарда қалып қойған сыртқы су тамшыларына ғана көмектеседі. Егер ылғал корпус ішіне, микросхемаларға өтіп кеткен болса, бұл дыбыстар оны шығара алмайды. Керісінше, қосылған дыбыс немесе діріл іштегі судың қозғалысын күшейтіп, қысқа тұйықталу қаупін арттырып жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл әдісті тек динамиктен дыбыс сырылдап шыққанда немесе су тигеннен кейінгі алғашқы көмек ретінде ғана қолданған жөн.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

Бұл ОЯТҚЫШТАР таңертең ҰЙЫҚТАП ҚАЛУЫҢЫЗҒА жол бермейді