Мәдени кеште қос ауданның тарихы мен рухани сабақтастығы, өнері мен мәдениеті кеңінен дәріптелді.
ERNUR.KZ. Созақ ауданында Бәйдібек ауданының мәдениет күндері аясында «Берекелі Бәйдібектен – сырлы Созаққа сәлем» атты өнер кеші өтті.
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында ұйымдастырылған тағылымды шараға аудан тұрғындары мен өнерсүйер қауым қатысты. Кеш барысында Бәйдібек ауданының өнерпаздары Созақ жұртына ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық өнеріміздің озық үлгілерін ұсынды. Концерттік бағдарлама «Қазақ әндерінен попурри» композициясымен басталып, «Хас жүйрік» және «Шаттық» этно-ансамбльдері мен би тобының өнер көрсетуімен жалғасты.
Іс-шара барысында Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов ыстық ықыласын білдіріп, мәдениет күндерінің мән-маңызына тоқталды. Өз кезегінде Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов бәйдібектік өнерпаздарға алғысын білдіріп, арнайы марапат пен ықылас гүлін табыстады.
Мәдени кеште қос ауданның тарихы мен рухани сабақтастығы, өнері мен мәдениеті кеңінен дәріптелді.


