Қазақ тілін меңгеруге деген ықылас пен оны еркін қолдануға ұмтылыс – өскелең ұрпақтың ел өміріне белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадам
Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде этнос өкілдері балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған жоба балалардың мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдыларын дамытуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және туған өлкесін танып-білуге бағытталған.
Іріктеу кезеңі 2–9 қараша аралығында онлайн форматта өтті. Қатысушылар «Туған өлкеге тағзым», «Мен ұнататын мамандық», «Ертегі әлеміне саяхат» және «Тұлғалар тағылымы» бағыттары бойынша өз жұмыстарын ұсынып, қазылар алқасының шешімімен үздік 10 қатысушы жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздардың бейнематериалдары көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты жиында Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Әбдез Иманқұлов жеңімпаздарды құттықтап, олардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-жігері мен шығармашылық ізденістерін атап өтті.
«Қазақ тілін меңгеруге деген ықылас пен оны еркін қолдануға ұмтылыс – өскелең ұрпақтың ел өміріне белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадам. Бүгінгі байқауда балалардың өз ойларын қазақ тілінде жеткізіп, туған өлкесін таныстырып, болашақ мамандығы мен тұлғалар туралы ізденіп, шығармашылық қабілеттерін көрсеткені қуантады. Әр баланың жетістігінің артында ұстаздарының еңбегі мен ата-анасының қолдауы бар. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, қазақ тілінде білім алып, еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуларына тілектеспін», – деді Әбдез Рахманұлы.
Рәсім барысында жобаның жеңімпаздары дипломдармен, ал олардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, «Мың жүйрік» ағартушылық жобасы балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, ортақ құндылықтар негізінде ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама.


