Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің нәтижелері қандай?

0
118

Жеке кәсіпкерлердің қаржысы мен басқару тәжірибесін пайдалану тиімді тетіктердің бірі болып есептеледі.


Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің нәтижелері қандай?

фото: astana-akshamy.kz

Қазақстанда отандық экономиканы ілгерілету, инфрақұрылымды жаңғырту және көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру мақсатында үздіксіз жұмыс жүрігізіліп келеді. Сәйкесінше, саладағы нәтижені жақсарту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі тиімді жұмыс істеп жатыр. Бұл жеке сектор мен мемлекеттің қуатын бірлестіріп, ауқымды жобаларды іске асыруға арналған мүмкіндік. Мәселен, қазіргі таңда ел аумағындағы мектептер, ауруханалар, балабақшалар, жолдар, инженерлік желілер мен коммуналдық нысандарды жаңғырту және жаңадан салу мәселесі өте маңызды. Бірақ, осындай қажеттілік туындап тұрған кезде барлық жобаны мемлекет тарапынан қаржыландыру қиындық туғызады. Сондықтан жеке кәсіпкерлердің қаржысы мен басқару тәжірибесін пайдалану тиімді тетіктердің бірі болып есептеледі.


Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

Мемлекеттік орган мен жеке кәсіпкердің қандай да бір жобаны бірлесе жүзеге асыруы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік деп аталады. Әуелі мемлекет белгілі бір саладағы қажеттілікті анықтап, жобаның тиімділігін бағалайды. Одан кейін жеке кәсіпкер әріптес ретінде таңдалып, қос тараптың құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Инвестор жобаны қаржыландыруға, нысан салуға, жабдықтауға немесе оны басқаруға қатысады. Ал мемлекет жер телімін бөлу, инфрақұрылыммен қамту, қызметтің ақысын өтеу немесе жобаның орындалуын бақылау сияқты міндеттерді атқарады. Яғни мемлекет жеке сектор өкілінің қызметін пайдалана отырып маңызды жобаларды жүзеге асырады. Мұндағы басты ерекшелік – жауакершілікті бөлінуі. Елімізде бұл бағыт жыл сайын жетілдіріліп келе жатыр.


Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің нәтижелері қандай?

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызын жобалар саны мен құнына қарап аңғара беруге болады. 2026 жылдың 1 қарашасындағы ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жалпы құны 3,85 триллион теңгеден асатын 1 445 жоба тіркелген. Мәселен, көлік және инфрақұрылым саласында жалпы құны 972 миллиард теңгені құрайтын 36 жоба бар екен. Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобалардың жалпы құны 893,5 миллиард теңгені құрайды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жүйесінің септігі тиіп жатқан тағы бір маңызды бағыт – білім беру және денсаулық сақтау салалары. Тиісінше, жеке сектордың қаржысы арқылы Қазақстанда көптеген мектептер мен балабақшалар салынып, медициналық мекемелер жабдықталып келе жатыр. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

Дегенмен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобалар көбейген сайын, мемлекетке түсетін қаржылық жүктеме де ұлғайып жатыр. Биылғы жылдың басында жарияланған ресми дерекке сүйенсек, осындай жобаларға қатысты мемлекеттік міндеттемелердің көлемі 2,662 триллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш жобаларды жоспарлау кезінде қаржылық тұрақтылықты ескеру қажеттігін көрсетеді. Тағы бір проблема – жобаларды іріктеу барысы. Атап айтқанда, кейбір жобалардың әлеуметтік қажеттілігі мен экономикалық тиімділігі дұрыс негізделмеуі ықтимал. Соның салдарынан шығын көбейіп, керісінше нәтижесі төмендеуі мүмкін. Оған қоса өңірлер арасындағы инвестициялық мүмкіндік те әрқалай болып келеді. Ірі қалаларға инвестор тарту оңай болса, кейбір ауылдық жерлерге жеке кәсіпкер табу қиындайды.


Десе де, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономикаға инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы маңызды құралға айналып келе жатыр. Өйткені, осы тетік арқылы көлік, энергетика, коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік салалардағы қордаланған проблемаларды шешуге болады. Ең бастысы – инвестиция көлемін ғана өлшемей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай жобалардың халық өміріне тиімділігін жауапкершілікпен қарау, сапасы мен нәтижелілігін арттыру қажет.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу