Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы мәресіне жетті

0
92

Елдің түкпір-түкпірінен келген жыршы-термешілер ұлттық өнерді дәріптеп, сөз құдіретін насихаттады.


Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы мәресіне жетті

Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Отырар аудандық мәдениет сарайында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы жоғары деңгейде өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген жыршы-термешілер ұлттық өнерді дәріптеп, сөз құдіретін насихаттады.

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық тәрбиені, халықтық өнерді насихаттау, тіл мәдениетін дамыту, дәстүрлі ән-терме өнерін дәріптеу, ұмыт бола бастаған шығармаларды жаңғырту, жас орындаушылардың шығармашылығын шыңдау және өнер иелері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Өнер додасына қатысушылар дәстүрлі терме орындаудағы шеберліктерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесі Лес Ернұр (Түркістан облысы) иеленсе, І орын Қуаныш Алғазиев (Қызылорда облысы) марапатталды. ІІ орын Нұрәли Есхат (Жетісу облысы) пен ақмолалық Есімхан Жасұланға бұйырды. Ал ІІІ орынды қызылордалық Сырсұңқар Базарбайұлы, павлодарлық Базарбай Азамат және түркістандық Сатыбалды Мағжан өзара бөлісті.

Сонымен қатар арнайы жүлделер де табысталды. Атап айтқанда, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Ергат Тәжібаев, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Серікбай Ықылас, ал Қызыл Жырау атындағы арнайы жүлде Айдана Шымболат иеленді.

Айта кетейік, өнер сайысы ұлттық руханиятты ұлықтап, дәстүрлі терме өнерінің мәртебесін арттыруға зор үлес қосты.

Бөлісу