Нұралхан Көшеров Ташкент облысындағы озық өнеркәсіптік және туристік жобалармен танысты

0
80

Қонақтарға зауыттың өндірістік қуаты, технологиялық үдерістері және халықаралық талаптарға сай енгізілген сапа стандарттары таныстырылды.


Нұралхан Көшеров Ташкент облысындағы озық өнеркәсіптік және туристік жобалармен танысты

Нұралхан Көшеров Ташкент облысындағы озық өнеркәсіптік және туристік жобалармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаевпен бірге өңірдегі стратегиялық маңызы бар бірқатар нысандарды аралап, өнеркәсіп, жоғары технологиялар, шикізатты өңдеу және туристік инфрақұрылымды дамыту салаларындағы озық тәжірибелермен танысты.

Делегация танысқан табиғат аясында орналасқан туристік кешенде өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалану және заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту жолға қойылған.

Бұдан кейін делегация Алмалық қаласындағы Мыс байыту фабрикасында болды. Кәсіпорын басшылығы минералдық ресурстарды өңдеу тиімділігін арттыруға және елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған өндірісті жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын таныстырды.

Ахангарон ауданында облыс әкімі заманауи климаттық техника өндіруге маманданған Premier Electrotech бірлескен кәсіпорнында болды. Қонақтарға зауыттың өндірістік қуаты, технологиялық үдерістері және халықаралық талаптарға сай енгізілген сапа стандарттары таныстырылды.

Сапар барысында электротехника өнеркәсібі саласындағы ірі өндірістік кластерлердің бірі саналатын Eltech Industrial технопаркінің қызметіне ерекше назар аударылды. Технопарк индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда, өндірісті жергіліктендіруде және мыс пен сирек жер металдарын терең өңдеуде маңызды рөл атқарып, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге ықпал етуде.

Технопарк аумағында делегация жартылай өткізгіш технологиялар саласындағы жобаның жұмысымен танысты. Кәсіпорын SIM-карталарға, банк карталарына, электрондық жеке куәліктерге, әлеуметтік және көлік карталарына арналған микропроцессорлық чиптер мен модульдер өндіруге маманданған.

Сапар қорытындысы бойынша Түркістан облысының әкімі Өзбекстандағы өнеркәсіптік инфрақұрылымның жоғары деңгейде дамығанын, ірі инвестициялық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын және өндірістік үдерістерге заманауи технологиялардың тиімді енгізіліп отырғанын атап өтті.

Кездесулер барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру және өнеркәсіп, туризм мен инновациялық даму салаларындағы үздік тәжірибелермен алмасу мәселелерін талқылады.

Жұмыс сапары өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және бауырлас екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған өңірлер арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудың кезекті қадамы болды.

Бөлісу