Экономикалық өсім бойынша Түркістан облысы екінші орынға шықты

0
97

Мәжілісте 9 айдың қорытындысы шығарылып, индикаторлардың орындалу барысы талқыланды.


Экономикалық өсім бойынша Түркістан облысы екінші орынға шықты

Тоғыз айдағы экономикалық өсім бойынша Түркістан облысы республикада екінші орынға шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, аудан, қала әкімдіктерінің және басқармалардың қызметі тиімділігін рейтингтік бағалау мәселелері талқыланған алқа мәжілісі өтті. Мәжілісте 9 айдың қорытындысы шығарылып, индикаторлардың орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жоспарды орындамаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына сын-ескертпе айтып, жұмысты жандандыруды тапсырды.


– Биылғы 9 айдың қорытындысымен облыс экономикасы дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Бұл республикада – 2 орын. Мемлекет басшысының экономикалық өсімді 7%-ға жеткізу тапсырмасына сәйкес, 9 айдың қорытындысымен Үкімет бекіткен межеге толық қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 855,4 млрд. теңгені құрап, өсім 101,5% деңгейінде болса, өнеркәсіп өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, 13,5%-ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 412 млрд. теңгені құрап, 25,5%-ға артса, сауда, байланыс қызметінде де өсім бар. Бірақ кейбір аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар өздеріне жүктелген индикаторларды толық орындай алмай отыр. Бұл өңірдің дамуына кері әсер етеді. Сондықтан жұмысты жандандырыңыздар. Бізге «тапсырманы орындаймын» деген уәде емес, сол мәселені шешу жолдарын ұсынғандарыңыз қажет. Жыл қорытындысымен рейтингте соңғы орындарда қалған әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы сараланып, басшыларына қатысты тиісті шешімдер қабылдаймыз, – деді Нұралхан Көшеров.


Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбеков 9 айдың қорытындысы бойынша талдау нәтижесін баяндады. Аудан қала әкімдері мен басқамалар қызметінің тиімділігін бағалайтын 9 блоктан тұратын 97 индикатор нақтыланды. Облыстық басқармалардың ұсынысы негізінде қосымша 8 индикатор енгізілді. Биылғы 9 айға жоспарланғаны – 87.


Барлық индикаторлардың талдау нәтижесінде аудан, қала әкімдерінің рейтингіне сәйкес бірінші үштікке Төлеби ауданы, Түркістан қаласы және Жетісай ауданы енді. Аутсайдерлер қатарында Мақтаарал, Бәйдібек және Келес аудандары тұр. Алты аймен салыстырғанда Төлеби, Жетісай, Сарыағаш аудандары өз нәтижелерін жақсартқан. Ал басқармалардың көрсеткішіне келсек, Ветеринария басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы оң нәтиже көрсеткен.

Бөлісу