"Жалақысы – 2500 еуро": Антарктидаға пингвин санайтын қызметкерлер керек болып жатыр

0
99

Жұмыс мерзімі – алты ай.


Фото: swanhellenic.com

ERNUR.KZ. Бір ескеретін жайт, үміткерлер Ұлыбританияда тұруы керек немесе ел аумағында жұмыс істеуге құқығы болуы тиіс, деп жазады inbusiness.kz.

Ұлыбританияның UK Antarctic Heritage Trust қоры Антарктидадағы бұрынғы Порт-Локрой зерттеу станциясында жұмыс істейтін қызметкерлерді іздеп жатыр. Олардың міндетіне пингвиндер колониясын бақылау, музей мен кәдесыйлар дүкенінің жұмысын жүргізу, сондай-ақ әлемдегі ең оңтүстікте орналасқан пошта бөлімшесінде қызмет ету кіреді. Еңбекақы айына 2 096 фунт стерлингке, яғни шамамен 2400-2500 еуроға дейін жетеді.

Үміткерлердің физикалық дайындығы жақсы болуы маңызды саналады Өйткені, қызметкерлерге 20 литрлік су құтыларын тасуға, салмағы 15 келіге дейінгі жәшіктерді көтеруге, қар тазалауға және қайықтардан жүкті тайғақ жартастардың маңында түсіруге тура келеді. Станцияда су құбыры да, ұялы байланыс та жоқ. Медициналық көмекке де қол жеткізу қиын. Қызметкерлер әдетте аптасына бір рет қана душ қабылдайды, ал жатын бөлмені өзгелермен бірге пайдалануға мәжбүр.

Міндеттердің бірі – пингвиндердің ұяларын, жұмыртқалары мен балапандарын санау. Жиналған деректер зерттеушілерге колониядағы құстар санының өзгерісін бақылауға және туризмнің оларға әсерін бағалауға көмектеседі. Бұдан бөлек, қызметкерлер круиздік кемелермен келетін туристерді қабылдайды, музей жұмысын жүргізеді және хат-хабарларды қолмен сұрыптап, өңдейді.

Порт-Локрой – 1944 жылы құрылған бұрынғы британдық зерттеу базасы. Қазір ол Антарктидаға сапарлайтын круиздік кемелердің танымал аялдамасына айналған. Жазғы маусымда мұнда күніне екі круиздік кеме келуі мүмкін. Қызметкерлер бастапқы қалпын сақтауға күш салынған тарихи ғимараттарда тұрады.

Дегенмен, бұл жұмысқа орналасуға қойылатын талаптар бар. Үміткерлер кемінде 18 жаста болуы, Ұлыбританияда тұруы және ел аумағында жұмыс істеуге құқығы болуы керек.

Бір өкініштісі, ресми сайтта 2026/2027 жылғы маусымға өтінім қабылдау аяқталғаны туралы ақпараттар бар. Десе де, кейбір әлемдік БАҚ қазіргі уақытта да жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын жазды.