Жыныстық тәрбие баланы неден қорғайды? Қай жаста нені айту керек?
Сурет: ЖИ
Көптеген ата-ана өзін баласымен кез келген тақырыпта ашық сөйлесе алатын заманауи, көзқарасы кең адаммын деп санағысы келеді. Бірақ бала күтпеген жерден «Мен қалай пайда болдым?» деп сұраса, сасқалақтап қалады. Жауабын жақсы білсе де, не айтарын білмей абдыраса, жыныстық тәрбие жеткілікті деңгейде берілмей жатқанының белгісі.
Өзге елдерде жыныстық тәрбие қалай беріледі?
Бұл мәселеге қатысты әр мемлекеттің өзіне тән дәстүрі, мәдениеті мен көзқарасына қарай түрлі тәсілі қалыптасқан. Кей елдер бұл тақырыпты мектеп табалдырығын аттай сала тілім ордасында басқа пәндермен қатар оқытады. Енді бір елдерде әлі күнге дейін жабық тақырып – жабулы қазан болып тұр.
Ресей
Еуропа мен Азияның арасында орналасқан Ресейде де бұл мәселеге қатысты ұстаным аралық сипатқа ие болғанымен, консервативті көзқарас басым.
Қазіргі таңда мектептерде жыныстық тәрбие бойынша жан-жақты білім беру бағдарламасы енгізілмеген. Бұған кейбір мемлекеттік органдар, ата-аналар және діни ұйымдар қарсы.
Соған қарамастан, сауалнамаларға сәйкес, халықтың шамамен **60 пайызы** бұл бағыттағы заманауи білім беру тәсілдерін қолдайды.
Ресми мектеп бағдарламасында негізінен ұрықтану процесінің физиологиясы мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы мәлімет беріледі. Ал контрацепция, жауапты қарым-қатынас немесе жеке шекараны қорғау сияқты тақырыптар көбіне қамтылмайды.
Дегенмен кейбір мұғалімдер бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып, оқушылармен өз бастамасымен ашық әңгімелер жүргізеді.
Азия елдері
Қытай, Жапония және Таиланд сияқты дамыған Азия мемлекеттерінде мектептерде жыныстық тәрбие сабақтары өткізіледі. Бірақ олардың бағдарламасы көбіне консервативті сипатқа ие. Негізінен адам ағзасының физиологиясы мен жыныстық жетілудің биологиялық ерекшеліктері түсіндіріледі.
Ал Үндістан мен Бангладеш сияқты елдерде мұндай пән көптеген мектепте оқытылмайды. Бұл мемлекеттерде «жыныстық қатынас тек некеден кейін болуы керек» деген діни ұстаным басым.
Өкінішке қарай, мұндай тәсіл барлық мәселені шеше алмай отыр. Кейбір деректерге сәйкес, бұл елдерде жыныстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі тіркеледі, олардың бір бөлігін жасөспірімдер жасайды.
Соған қарамастан, соңғы жылдары Үндістанда жастарға жыныстық сауаттылықты арттырумен айналысатын еріктілер ұйымдары көбейіп келеді. Сондай-ақ ата-аналардың бір бөлігі де мұндай білімнің қажеттігін қолдай бастады.
Еуропа
2010 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросы «Еуропадағы жыныстық тәрбие стандарттары» атты құжатты қабылдады. Осы құжат негізінде Еуропа мектептерінде жыныстық тәрбие сабақтарын енгізу ұсынылды.
Бельгия, Швеция, Германия, Нидерланд және Норвегия сияқты елдер бұл бастаманы белсенді қолдап, балаларға арналған бейнематериалдар, ақпараттық сайттар мен оқу құралдарын әзірледі, сондай-ақ мектеп бағдарламаларын кеңейтті.
Соның нәтижесінде еуропалық балалар жас ерекшелігіне сай дайындалған, сенімді әрі ғылыми негізделген ақпаратқа еркін қол жеткізе алады.
Зерттеулер көрсеткендей, осы елдерде жасөспірімдер арасындағы жоспарланбаған жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар айтарлықтай сирек кездеседі. Сонымен қатар жастардың жыныстық өмірді бастау жасы да салыстырмалы түрде кешірек болады. Бұл білім беру шараларының тиімділігін көрсетеді.
Алайда Еуропаның шығыс бөлігіндегі кейбір мемлекеттер мұндай тәжірибені енгізуге әлі де сақтықпен қарайды.
АҚШ
АҚШ қоғамында жыныстық тәрбиеге қатысты көзқарас біркелкі емес. Сондықтан бұл мәселе әр штатта әртүрлі оқытылады. Кейбір штаттар мен мектептерде жыныстық тәрбие пәні бірнеше жыл бойы оқытылып, адамның анатомиясы, жыныстық жетілу, жеке шекара, қарым-қатынас мәдениеті, контрацепция және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар сияқты көптеген тақырып қамтылады.
Ал басқа штаттарда бағдарлама тек бір бағытпен шектеледі. Онда оқушыларға некеге дейін жыныстық қатынастан бас тартудың маңыздылығы түсіндіріледі. Алайда мұндай ұстанымның себептері мен ғылыми негіздері жан-жақты талқылана бермейді.
Балаларға арналған Корольдік білім беру әдістемесінің негізін қалаушы Вероника Веселова баламен ұялтатын немесе ыңғайсыз көрінетін тақырыптар туралы қалай дұрыс сөйлесу керектігін түсіндіреді.
- Неліктен жыныстық тәрбие маңызды?
Адамдар қанша жасыруға, бар екенін білдірмеуге тырысқанымен, бағзы заманнан бері дүниеге келіп жатыр. Алайда, олардың қалай пайда болатыны, бұл дүниеге қалай келетіні – ашық талқылауға болмайтын, «көргенсіздің әңгімесі» ретінде қабылданады.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні де көптеген отбасында жыныстық тәрбие беру мәдениеті толық қалыптаспаған. Соның салдарынан бала табиғи сұрақ қоя бастаса, ата-аналар көбіне әңгімені басқа жаққа бұрады немесе «мұндайды сұрама» деп тыйып тастайды. Кейде тіпті ұрысып немесе ұялтып жатады.
Мұндай үнсіздік пен белгісіздіктің салдары ауыр болуы мүмкін. Осындай ортада өскен бала өз денесінен, табиғи физиологиялық ерекшеліктерінен ұялатын болады. Сонымен қатар ол өзінің жеке шекарасын қорғауды білмейді, ал қызықтырған сұрақтарының жауабын күмәнді ақпарат көздерінен іздейді. Мұның бәрі оның қауіпсіздігіне де, болашақтағы қарым-қатынастарына да кері әсер етуі мүмкін.
2. Жыныстық тәрбие баланы неден қорғайды?
«Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз. Зерттеулер көрсеткендей, жыныстық сауаты төмен балалар зорлық-зомбылыққа, жоспарланбаған жүктілікке және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға жиірек ұшырайды. Сондықтан баламен бұл тақырыпта ашық сөйлесу – ең алдымен оның қауіпсіздігі үшін маңызды.
3. Баланың жыныстық қызығушылығына қалай қарау керек?
Бала дүниеге келгенде қоршаған әлем туралы ештеңе білмейді. Ол өзін де, айналасын да ешқандай алдын ала қалыптасқан түсініксіз зерттейді. Ал ересектер өмір тәжірибесімен бірге түрлі көзқарастарды, тыйымдар мен стереотиптерді де бойына сіңіріп үлгерген.
Бала өзінің жыныс мүшелерін алғаш байқаса, оларды дәл құлағы немесе мұрны сияқты дене мүшесі ретінде танып-біледі. Ал отбасы, неке туралы түсіне бастағанда өзін болашақ ана немесе әке рөлінде елестетуі мүмкін.
Егер мұндай әрекеттер бізді ыңғайсыздандырса немесе қорқытса, бұл балалардың «бұзылғанын» емес, керісінше, біздің санамыздағы қалыптасқан стереотиптерді көрсетеді. Сондықтан бала сұрақ қойса, жасына сай, шынайы әрі сабырлы жауап берген дұрыс.
Сонымен бірге қоғамдық әдепті де үйрету қажет. Мысалы: «Сен өз денеңді ұстап көргің келетіні түсінікті. Бірақ мұндай әрекеттерді көпшілік алдында жасауға болмайды, өйткені бұл – адамның жеке кеңістігіне қатысты нәрсе» деп түсіндіруге болады.
4. Жыныстық тәрбие беруді қай жастан бастау керек?
Бұл тақырыптарды неғұрлым ертерек және табиғи түрде қозғай бастасаңыз, бала да оларды қалыпты өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдайды. Мысалы, екі жастан бастап-ақ балаға оның интимдік аймақтарына өз рұқсатынсыз ешкімнің қол тигізуге болмайтынын түсіндіруге болады. Бұл ереже ересектерге де, жақын туыстарға да қатысты.
Сонымен қатар балаға «Тоқта!» деп айтуды үйретіп, ішкиім киюдің маңызын түсіндірген жөн.
5. Жыныстық тәрбиені бастауға қай жастан кейін кеш?
Ешқашан кеш емес. Балаңыз 18 жасқа толып, көптеген мәліметті өз бетінше біліп үлгерсе де, бұл тақырыпты ашық талқылауды бастауға болады. Бұл оған өз отбасында мұндай мәселелерді жасырмай, еркін талқылауға болатынын көрсетеді.
6. Мұндай әңгімелерді балаға кім айтуы керек?
Ең дұрысы, бұл ақпаратты бала ата-анасынан алғаны жөн. Әдетте баламен бір жыныстағы ата-ананың сөйлесуі тиімдірек болады. Егер бұл мүмкін болмаса, бала сенетін жақын ересек адам осындай әңгімелерді жүргізе алады. Бастысы, бала мұндай маңызды мәліметтерді тек интернеттен немесе құрдастарынан ғана алмауы керек.
7. Баламен жыныстық қатынас тақырыбында қалай сөйлесу керек?
Бұл туралы сабырлы, сенімді әрі еркін сөйлескен дұрыс. Табиғат құбылыстары, өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелері, темекі мен алкогольдің зияны туралы қалай сөйлессеңіз, бұл тақырыпты да дәл сондай табиғи қабылдаңыз. Өйткені бұл әрбір баланың өмірінде ерте ме, кеш пе қызығушылық тудыратын қалыпты тақырып. Ата-ананың міндеті – сол қызығушылықтың дұрыс әрі қауіпсіз ақпаратпен қанағаттандырылуына жағдай жасау.
8. Әр бала білуі тиіс негізгі қағидалар
Ең басты ереже – «ішкиім ережесі». Яғни, ішкиімнің астындағы дене бөліктеріне ешкімнің рұқсатсыз қол тигізуге құқығы жоқ. Бала өз денесінің тек өзіне ғана тиесілі екенін және кез келген адамға физикалық байланыстан бас тартуға құқылы екенін білуі керек.
Сонымен қатар балаға «жақсы құпия» мен «жаман құпияның» айырмашылығын түсіндіру маңызды. Егер қандай да бір құпия оны қорқытып, мазаласа немесе ыңғайсыздық тудырса, ол туралы міндетті түрде ата-анасына айтуы қажет.
9. Қай жаста нені айту керек?
- Екі жастағы балаға ең алдымен өзінің жеке шекарасын түсіндіріп, дене мүшелерінің атауын дұрыс атауды үйрету маңызды. Бұл жаста бала өз денесін танып-біліп, оған ешкімнің рұқсатсыз қол тигізуге болмайтынын түсіне бастауы керек.
- 3–6 жас аралығында баламен адамның сезімдері, ұл мен қыздың дене құрылысындағы айырмашылықтары туралы жасына сай тілмен әңгімелесуге болады. Осы кезеңде балаларға арналған анатомия кітаптарын, суретті энциклопедияларды немесе арнайы танымдық материалдарды пайдаланған пайдалы.
- Бастауыш сыныптар жасында балалар көбіне «Балалар қайдан пайда болады?» деген сұрақ қоя бастайды. Мұндай кезде ата-ана баланың жас ерекшелігіне сай, қарапайым әрі шынайы жауап бергені жөн. Бастысы – баланы алдамау және оның қызығушылығын ұялтатын тақырыпқа айналдырмау.
- 9–11 жас аралығында баланы жыныстық жетілу кезеңінде болатын табиғи өзгерістерге алдын ала дайындау қажет. Ұлдар мен қыздардың ағзасында қандай физиологиялық өзгерістер болатынын, олардың қалыпты құбылыс екенін түсіндірген жөн. Бұл балаға өз денесін дұрыс қабылдауға және күтпеген өзгерістерден қорықпауға көмектеседі.
- Жасөспірім шақта ата-аналар контрацепция, жауапты қарым-қатынас, өзара сыйластық, жеке шекараны құрметтеу және болашақта отбасы құруды саналы жоспарлау туралы ашық әрі сенімді түрде сөйлесуі керек. Бұл әңгімелер жасөспірімнің дұрыс шешім қабылдауына және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
10. Ата-ана баламен дұрыс қарым-қатынасты қалай қалыптастыра алады?
Бірінші кезекте ата-ана қандай жағдай болмасын баласына қолдау көрсететінін, оны тыңдайтынын және сезімін құрметтейтінін ісімен де, сөзімен де білдіруі керек. Сонда бала басына қиындық түссе немесе жағымсыз жағдайға тап болса, оны жасырмай, ата-анасына ашық айтып, көмек сұраудан қорықпайды.
Екіншіден, ата-ана баланың жеке кеңістігі мен дене шекарасын құрметтеуі қажет. Баланың денесіне орынсыз қол тигізбеу, оны ернінен немесе бөксесінен сүймеу маңызды. Сондай-ақ баланы ерте жастан бастап жеке бас гигиенасын өз бетінше сақтауға, соның ішінде жуынуды және интимдік күтім жасауды біртіндеп үйреткен жөн.
Егер ата-ана баланың дене шекарасын үнемі бұзып отырса, бала өз денесінің қай тұсы жеке кеңістік екенін түсінбей өседі. Соның салдарынан ол ересектердің қандай әрекетіне келісуге болатынын, ал қайсысына үзілді-кесілді қарсы тұру керектігін ажырата алмауы мүмкін.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ кезінде баланың ТІСІН де тексеру маңызды
МАСА мен ШЫБЫНды сіздің үйде не қызықтырады? Біз байқамайтын ҚАТЕЛІКтер


