Түнгі уақытта көлік шуын автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізілуі мүмкін

0
140

Депутат сауалына азаматтардың түнгі уақытта қоғамдық тәртіптің жиі бұзылуына қатысты өтініші негіз болғанын айтты.


Түнгі уақытта көлік шуын автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізілуі мүмкін

Фото: Kazinform\ЖИ

ERNUR.KZ. Бүгін Құрылтай отырысында депутат Кендебай Адамбек Ішкі істер министріне сауал жолдап, көлік шуын автоматты анықтайтын жүйе енгізуді ұсынды, деп жазады inform.kz.

— Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік болуы керектігін бірнеше рет атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету — уәкілетті органдардың басты міндетінің бірі. Бұл ұстаным «Әділет» партиясының бағдарламасымен де үндеседі. Партия үшін заң үстемдігі — әділетті мемлекеттің негізгі қағидаты. Ал құқық қорғау жүйесін жетілдіру, ең алдымен, адам мүддесін қорғауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс, — деді ол.

Депутат сауалына азаматтардың түнгі уақытта қоғамдық тәртіптің жиі бұзылуына қатысты өтініші негіз болғанын айтты.

— «Әділет» партиясының бағдарламасында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеніміз — азаматтардың шағымын жай ғана тіркеп қою емес, олардың көтерген мәселесіне дер кезінде нақты шешім қабылдап, нәтижесін көрсету. Бүгінде тұрғындар дәл осындай нақты әрекетті күтіп отыр. Қалалардың орталық көшесінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушісі рұқсат етілмеген жарысты жиі ұйымдастырады. Олар жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады. Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу аясынан шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер келтіреді, — деді депутат.

Кендебай Адамбектің пікірінше, құқық бұзушылар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалып жатады. Оның бірнеше себебі бар.

— Біріншіден, мұндай құқық бұзушылықтар өте сирек тіркеледі. Көп жағдайда шара азаматтардың шағымынан кейін ғана қабылданады. «Әділет» партиясының бағдарламасында цифрландыру азаматтардың өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді ету құралы ретінде қарастырылады. Мәселені шешудің бір жолы — шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады, — деді депутат.

Оның атап өтуінше, екіншіден, қолданыстағы жазаның тиімділігіне қатысты мәселе бар.

— Қазір түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Мұндай жаза құқық бұзушылықты тоқтатуға жеткілікті әсер етпеуі мүмкін. Ұсынылып отырған шаралардың мақсаты — заң талабын сақтау, халықтың пікірін ескеру және азаматтарға қажет цифрлық шешімді дамыту. Бұл «Әділет» партиясының негізгі ұстанымымен үндеседі, — деді Кендебай Адамбек.

Осыған байланысты ол министрлікке мынадай ұсынысқа қатысты ұстанымын білдіруді сұрады:

— рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу;

— түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру.

— көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қою.

— түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау.

— жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу, бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу.

Айта кетейік, кеше Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жол ережелерін қасақана бұзғандарға айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажеттігін айтты.