Құрылтай АИИБ-мен келісімді ратификациялады.
фото: Sputnik / Санат Имангалиев
Қазақстан – АИИБ-нің құрылтайшы-мүшесі. 2016 жылдан бері банкпен ынтымақтастық аясында энергетика, денсаулық сақтау, сондай-ақ экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында жалпы құны 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын жеті жоба жүзеге асырылды.
"Ратификациядан кейінгі алғашқы бес жыл ішінде негіздемелік келісім ел экономикасына, атап айтқанда көлік, энергетика, денсаулық сақтау және "жасыл" қаржыландыру сияқты салаларға жеңілдікті шарттармен шамамен 6 миллиард АҚШ доллары көлемінде қосымша "ұзақ мерзімді капиталды" тартуға мүмкіндік береді", – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Айтуынша, келісім жобаларды қаржыландыру құралдарының ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік шығыстарды басымдығы жоғары жобаларға қайта бөлу арқылы бюджетке түсетін салмақты азайтады.
Жақын арада бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жұмыстары басталады. Атап айтқанда, бұл – Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Үлгісайын, Атырау – Доссор және Мойынты – Қызылжар автомобиль және теміржол бағыттарын қайта жаңарту.


