​Заманауи ата-аналар шошиды: бала күтімінде бүгінде қолданылмайтын әдістер

0
170

Жылдар өткен сайын, бала тәрбиесіне, оның күтіміне байланысты түсінік те өзгеріп жатады.


​Заманауи ата-аналар шошиды: бала күтімінде бүгінде қолданылмайтын әдістер

Бала тәрбиесі – барлық ата-ананың иығына артылатын қиын, ауыр жүк. Қазіргі бала тәрбиесінде көптеген ата-әжелер мен жас ата-аналардың көзқарастары сай келмей, келіспей жатады. Әсіресе, жас аналарды, баланы құйрық маймен сылап өсірген апасының кейбір кеңестері шошытып жатады. Әрине, үлкен кісілердің өмірден түйген тәжірибесі, көргені көп. Алайда жылдар өткен сайын, бала тәрбиесіне, оның күтіміне байланысты түсінік те өзгеріп жатады. Ендеше қазіргі жастар қолданбайтын, ерсі көретін бірнеше кеңестерді біле жүріңіздер.


Баланың шашын тақырлап алу

Баланың шашы қалың әрі қайратты болып өседі деп, бұрындары шаты шақалақ кезінен бастап, ұл балардыкін 14-15 жасқа дейін алып тастайтын, ал қыздардікін көбіне 5-7 жасқа дейін алатын. Қазір де осыған сеніп баланың шашын ұстарамен жиі алатындар кездеседі. Алайда қазіргі жас аналардың көпшілігі мұнымен келісе бермейді. Ғалымдар бала шашының қалың немесе сирек болуы көбіне генетикаға байланысты болатынын дәлелдеген.


Баланы қысып орап қою керек

Ия, бұрынғы кездері баланы қысып құндақтап қоятын, тіпті перзентханада да солай жасайтын. Бұл баланың өз аяқ қолының қимылынан шошымай тыныш жатуы үшін қолданылған және аяғының түзу болуына әсер етеді деп саналған. Ал қазір оның зиянды екені анықталды. Заманауи медицина құндақтау, жамбас буыны дисплазиясына және баланың қимыл белсенділігінің бұзылуына алып келеді деп бекіткен.

Сондықтан қатты қыспай, балаға ыңғайлы болатындай етіп құндақтау керек. Қазіргі жас аналардың көпшілігі мүлде құндақтамай, аяқ-қолын бос ұстағанды дұрыс көреді.


Ерте тамақтандыру

Апалардың көпшілігі жас кездерінде балаларына тамақты 3-4 айдан бастап бергендерін айтады. Олардың сөзінше осы айлардан бастап ботқа, күлшені суға жібітіп еркін бере беретін болған. Алайда, дәрігерлер баланы жоқ дегенде 6 айға дейін емізу керек дейді. Себебі, 2-3 айлық кезінде ботқа мен көкөніс, жеміс езбелері аллергия тудыруы мүмкін.


Баланы тек ыстық суда шомылдыру

Апалардың түсінігінде баланы ыстықтау суға шомылдырмаса салқындап қалады. Алайда, баланың терісі өте сезімтал екені белгілі. Шым-шым су баланың терісін қызартып, тіпті күйдіруі мүмкін. Баланы шомылдыратын судың негізгі температурасы 36,6 – 37,6 градус болғаны дұрыс.


Жылаған баланы қолға алуға болмайды

Бұған әрбір апалардың айтатын қызықты екі дәлелі бар. Біріншісі – бала жылаған кезде оның өкпесі ашылып, жақсы дамиды. Екіншісі – көп жылаған баланың көзі қара болады.

Шын мәнісінде егер бала жыласа, қолға алып не болғанын анықтау керек. Мүмкін оның ұйқысы келген болар, мүмкін тамақ ішкісі немесе ыстықтаған шығар.


Баланы жылы киіндіру

Апалардың ойынша бала тез салқындайды, сондықтан оны барынша қабаттап жылы киіндіргенді дұрыс көреді. Негізінде қалың киімнен көп қимылдайтын бала тез ыстықтап, терлейді. Көп терлеу иммунитеттің түсіп кетуіне алып келеді.


Жүкті кезде балықты көп жеуге болмайды

Егер жүкті кезде балық көп жесе, онда баланың тілі кеш шығуы мүмкін деп сенген. Әрине бұл сенім шын өмірде іске аспайтыны анық.


Баланың көзі мен мұрнына омырау сүтімен шаю

Суықтап немесе желденіп қалған баланың көзі іріңдеп, мұрны бітіп тұрса оны дәрімен емдеген жөн. Әрине дәрігер кеңесімен. Оны омырау сүтімен емделеді деу қателік.


Бір реттік жөргектер бала терісі үшін қауіпті

Қазіргі жөргектер өте жұқа, тиімді материалдардан дайындалады. Ал одан ауа өтіп, бала терісі демалады. Әрине мүмкіндік болғанда жөргекті шешіп, бір уақыт еркіндікке жіберген дұрыс. Олай жасамағанның өзінде, үнемі жаялық қолданудан балаға келетін ешқандай қауіп жоқ.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.