Иран АҚШ-пен қақтығысты тоқтатуға бағытталған меморандумға қол қоюдан бас тартты

0
124

Бұл қадам 14 маусымда жүзеге аспағанымен, таяу күндері келісімге қол қойылуы мүмкін.


Иран АҚШ-пен қақтығысты тоқтатуға бағытталған меморандумға қол қоюдан бас тартты

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысты тоқтатуға бағытталған халықаралық келіссөздердің мерзімі шегерілді. Иран ислам республикасы жексенбі, 14 маусым күні АҚШ-пен соғысты реттеуді бастау туралы бірлескен меморандумға қол қоюдан бас тартты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп аталған құжатқа дәл осы күні қол қойылуы мүмкін екенін тұспалдаған болатын. Айта кетейік, дәл 14 маусым күні Америка басшысы өзінің 80 жасқа толған мерейтойын атап өтуде. Алайда Тегеран бұл датада ресми қадам жасаудан бас тартты.

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи мәлімдеме жасады.

«Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың нақты мерзіміне келетін болсақ, бізге сәл күте тұру керек. Бұл қадам 14 маусымда жүзеге аспағанымен, таяу күндері келісімге қол қойылу ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Дегенмен, қарсы тараптың тұрақсыздығын ескере отырып, біз бұл процеске қатысты кез келген мәлімдемеде барынша сақ болуымыз керек», — деді ол.

Эсмаил Багаидың айтуынша, әзірленіп жатқан құжат өңірдегі әскери қимылдар мен қанды қақтығыстарға толықтай нүкте қоюды мақсат тұтады. Келіссөздер барысында тараптар бірнеше негізгі шарт бойынша ортақ ұстаным қалыптастырған. Құжаттың басты мақсаты – соғыс қимылдарын тоқтатып, тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу. Сонымен қатар, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты даулы мәселелер бұл келіссөздер кезеңінің күн тәртібіне енгізілмеген. Тараптар аталған мәселені қазіргі талқылаулардың өзегіне айналдырмай, назарды ең алдымен қақтығысты тоқтату мен бейбіт реттеуге аударып отыр.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Иран тарапының мұндай мәлімдемесі Вашингтонмен арадағы дипломатиялық саудаласудың әлі де жүріп жатқанын және Тегеранның өз позициясын нығайтқысы келетінін көрсетеді. Дегенмен, тараптардың таяу күндері ортақ мәмілеге келу мүмкіндігі жоғары.