Әлемдегі отбасының 12 пайызы ерлі-зайыптылардың жеке қызығушылығы мен өмірге деген көзқарастарының сай келмеуінен бұзылып жатады екен.
Таныстыңыздар, ғашық болып ештеңеге баса мән бермедіңіздер. Үй болып, отбасын құрған соң екеуіңіздің өмірге деген көзқарастарыңыздың екі түрлі екенін, қарама-қайшылықтар көп екенін байқайсыз. Егер бір шешімін таппасаңыз, күнделікті ұрыс-керіс көбейетіні анық.
Әлемдегі отбасының 12 пайызы ерлі-зайыптылардың жеке қызығушылығы мен өмірге деген көзқарастарының сай келмеуінен бұзылып жатады екен. Ал 32 пайызы дәл осы үшін үнемі ұрыс-керісте жүретін көрінеді. Алайда бұл статистикаға қарап көзқарастарымыз сай келмесе мүлде отбасын құруға болмайды деп қателесудің қажеті жоқ.
Ең бірінші кезекте адамдардың бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі болатынын түсіну керек. Яғни өмірге деген көзқарасы, болған жағдайға, қойылған сұраққа деген ойы түрліше болады. Егер көзқарастарыңыз сай келмейтін жан әріптес, жай таныс жан болса онда қарым-қатынаста үлкен мәселе бола қоймайды. Ал енді өмірлік серігіңізбен ой, көзқарастарыңыз бір жерден шықпаса, онда онда үйден береке кететіні анық. Мұндайда берекені қашырмай, жолдасыңызбен ренжіспей мәселені шешуге болады. Тек ол үшін аздап қулыққа барыңыз.
Отбасындағы шиленіс, келісе алмау өмірге деген әртүрлі көзқараста болудан туындауы мүмкін
Жоғарыда жазғандай адамдардың көпшілігі қыз-жігіт болып жүргенде оның өмірге деген көзқарасына аса мән бермейді. Тек отбасылы болғанда ғана қасындағы жанның көп нәрсеге өзгеше қарайтынын, басқаша ойлайтынын аңғарады, жақын тани бастайды. Жақынырақ білген сайын көзқарастағы айырмашылық та айқын байқалатын болады. Мұның аяғы жиі ұрысқа, кейде тіпті ажырасуға дейін барады. Бірақ сүйікті жарыңыздың көзқарасына құрметпен қарап, дұрыс амал жасай алсаңыз, отбасын да, ондағы тыныштықты да сақтап қаласыз.
Қаржыға деген екі түрлі көзқарас
Отбасындағы жиі ұрыстың себебінің бірі – қаражатқа деген көзқарас, ойдың бір жерден шықпауы. Көбіне ер-азаматтар үйдегі қаржыны өзім басқаруым керек деп ойлайды. Мұның соңы біраз дау-дамайға ұласуы мүмкін. Алайда, қаржыны қалай, қайда жұмсайтынын әйелмен ақылдасып, бірге шешкенде ешқандай мәселе болмайды. Сондықтан мүмкіндігінше отбасын құрмай тұрып серігіңіздің, оның отбасының ақшаға деген көзқарасы қандай екенін білгеніңіз дұрыс. Кейбір отбасында қаражат бір адамның қолында болады. Ақша тапқаныңызбен оны өз қалауыңызша жұмсай алмайсыз.
Тұрмысқа деген көзқарас
Тұрмыс-тіршілікке деген екі түрлі көзқарас та жиі ұрысып қалуға себеп болып жатады. Ер-азаматтар көбіне үй тірлігін әйелдің мойнына арта салады, ал өзін табыс тауып алып келсем болды деп ойлайды. Міне ұрыс та осы жерден шығады. Қазір әйелдердің көпшілігі еркектермен бірдей табыс табады, үй шаруасын да жасайды. Тіпті, табыс таппағанның өзінде бір үйдің шаруасы әйел адамды қатты шаршататыны анық. Мұндайда жолдасы "мен үй ішінің жұмысына араласпаймын" демей азда болса көмектесіп жіберсе, мәселе де азаяды.
Сонымен бірге, қазір кейбір қыз-келіншектер «күйеуім табыс тауып мені асырау, қажетімді әперуге міндетті» деп біледі екен. Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен, қолыңнан келсе жолдасыңның бір жағына шығып, бірге құрған шаңыраққа табыс кіргізу артықтық етпесі анық. Сондықтан отбасын құрмай тұрып, бір-біріңіздің көзқарастарыңызды толық білген дұрыс.
Гендерлік стеротип
Ерлі-зайыптылардың гендерлік стеротипке көзқарастары бірдей болса, онда ол отбасы берік болады. Әйелді төмен санап, оның орны ошақ қасы, тек күйеуі мен оның отбасының жағдайын жасау керек дейтіндер әлі де кездеседі.
Балаларға деген көзқарас
Қазіргі жастардың балаға деген көзқарастары әртүрлі. Бірі көпбалалы болғанды қаласа, енді бірі алдымен мансап қуып, жетістікке жетіп алғысы келеді. Тек содан кейін ғана балалы болуды ойланады. Балаға деген көзқарастың әртүрлі болуы түсініспеушілік пен ұрысқа алып келуі мүмкін. Отбасын құрмас бұрын мансап пен балалы болуға деген көзқарасты білген дұрыс. Сонда ерлі-зайыпты болған соң ұрыс керіс бір мәселеге болса да кемиді.
Мәселе бар болса қалай шешкен дұрыс
Ең алдымен қандай қиын мәселе болса да жолдасыңызбен ашық сөйлесіп алғаныңыз дұрыс. Сөйлескен кезде жолдасыңыздың көзқарасын құнсыздандырудан, сын сөз айтып айыптаудан, зілді әзіл айтудан аулақ болыңыз. Оның ойын өзгертіп немесе бопсалау әдісімен әрекет етуге тырыспаңыз. Мұндай кезде жағдай қиындап, мәселені шешу мүмкін болмайды.
Екі түрлі көзқараста екендеріңізді мойындаған жөн
Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының өзінің жеке көзқарасының болуына және соны ұстануға құқылы. Ой-пікірдің бір жерден шықпауы біріңіздің жақсы немесе жаман екеніңізді білдірмейді және дауласып, жауласуға себеп емес. Қабылдау, мойындау қиын болса да шешім тауып, отбасыңыздың тыныштығын сақтау маңызды.
Егер екі жан да өз ой-пікірі, көзқарастарынан бас тартпаса, онда ол отбасын сақтап қалу қисынсыз. Мұндайда ұрыстың шегі болмайды және бала тәрбиесіне де кері әсер етеді. Ал егер өзіңізбен жұмыс істеуге, ортақ шешім табуға тырыссаңыз, онда тағы бір мүмкіндік қарастырған жөн.
Дайындаған: Э.Базарбаева,


