Атом электр станцияларының пайдалану мерзімі 60 жылдан асатынын ескерген мемлекет ядролық отын қорын алдын ала жасақтауды көздеп отыр.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда елдің ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін уранның стратегиялық қорын құру жоспарланып отыр. Осы мақсатта кейбір уран кен орындары уақытша пайдаланудан шығарылып, болашақ ұрпақ үшін сақталады, деп жазады Stan.kz.
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, стратегиялық қор қалыптастыру қажеттілігі Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жоспарларымен және әлемдік нарықта уранға деген сұраныстың артуымен байланысты.
Атом электр станцияларының пайдалану мерзімі 60 жылдан асатынын ескерген мемлекет ядролық отын қорын алдын ала жасақтауды көздеп отыр.
"Қазақстанның өз қажеттілігіне ғана пайдаланылатын уранның мемлекеттік стратегиялық резервінің көпдеңгейлі жүйесі құрылады. Кен орындарының бір бөлігі уақытша тоқтатылып, болашақ ұрпақ үшін резервке алынады. Олар жақын арада пайдаланылмайды және игерілмейді", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сонымен қатар дайын уран өнімдерінің бір бөлігін арнайы сақтауға жіберу жоспарланған. Ал әрбір атом электр станциясында оның алдағы уақытта үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жылу бөлетін жинақтардың қоры жасақталады.
Агенттік төрағасы Қазақстан өз аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қамқорлығымен жұмыс істейтін Төмен байытылған уранның халықаралық банкінің тәжірибесін пайдалана алатынын атап өтті. Бұл тәжірибе елдің өз отын қорын қалыптастыруына негіз болмақ.


