Әрбір ереже өмірлік тәжірибеден өткен.
Төмендегі кеңестердің кейбірі езуіңізге күлкі ұялатып, қызық көрінуі мүмкін. Ал енді біріне шындап, байыппен қараған дұрыс. Бұл қағидалар қыз баласының мынау қиын да, қауіп-қатері көп өмірде өзін жоғалтып алмай, басын тік көтеріп өмір сүруіне көмектеседі. Әрбір ереже өмірлік тәжірибеден өткен. Сондықтан мұны әрбір ата-ана қызына айтып, құлағына құйып отырғаны дұрыс.
- Күнделікті ұйқыдан тұрған сәтте, бірінші кезекте төсегіңді жина. Тіпті 5 минуттан кейін қайта келіп жататын болсаң да. Кез келген адамның өмірлік ұстанымдары таңертең ұйқыдан оянған сәттен басталады. Сол сияқты тәртібі де. Егер таңертең төсегіңді жинауға, өз бөлмең мен заттарыңды жинақы ұстауға уақытыңды жеткізіе алмасаң, өмірде көп нірсеге қолың жетпеуі мүмкін. Бұл - ырым емес, төсек жинау - өз уақытыңды тиімді жұмсай білудің, өміріңді жоспарлаудың бастауы.
- Бұл өмірде сатып алуға тиісті заттар көп, бірақ ең қажеттісін ғана ал, ақшаны тым бей-берекет шашпа, өмірің сонда ғана мәнді болады.
- Жеңіл саяхатта. Яғни саяхаттауға шықсаң ең қажетті деген заттарыңды ғана ал. Керек-керек еместің барлығы қолға да, ойға да ауыр жүк. Зат көп болған кезде оны ұмытып, бір жерде қалып қоюы мүмкін. Ал оны еске түсіріп немесе қайта сол жерге айналып бару, жоғалту жүйкеге біршама салмақ. Сондықтан жолыңды өзің қиындатпай тек керегін алып, жеңіл жүр.
- Толыққанды адам болып өмір сүру үшін міндетті түрде серік қажет емес. Өзің де жақсы, керемет өмір сүре аласың. Ал егер жолыңда серік бола алатын, жүрегің мен ақылың қалаған жан кездессе онда тіпті керемет!
- Ешқашан тесілген, салбырап, созылып кеткен ішкиім киме. Бұл да салақтықты білдіреді. Әрдайым таза, өзіңе шақ, бүтінін киіп жүр.
- Егер саған ауыр болса, жаныңа батып тұрса жылаудан қысылма. Тіпті бір нәрсені сындырып тастауға да болады, жеңілдеп қаласың. Кейін беті-қолыңды салқын сумен жуып, барлығын жинап, өз-өзіңді қолға ал.
- Көңіліңді көтеретін орындарға барып, жағымды әсер сыйлайтын адамдармен аралас. Өзіңе ұнамайтын жерде, жақпайтын адамдармен болуға міндетті емессің.
- Шаршап тұрсаң күндіз ұйықтап ал. Мұның ешқандай ұят нәрсесі жоқ.
- Егер сені біреу сеніміңе кіріп пайдаланып кетсе, онда өзіңді кінәлама. Басыңды тік ұста, өзіңді қорғау үшін дауыс шығаруға қорықпа. Өзгелерге өзіңді кінәлауға жол берме және сөздеріне қарап бұғып қалып, ішіңнен тынба.
- Көбірек тоқтап, жан-жағыңа жиі және жіті қара. Айналаңнан көркемдік, әдемілік көруге, байқауға тырыс. Әдемілік ойыңды өзгертеді, жаныңа жылулық сыйлайды.
- Өз-өзіңді алдама.
- Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңайы жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.
- Бір күннен көп жүретін жерге баратын болсаң, жүгіңді алып жүр. Жеке заттарыңды қалдырма.
- Көпшілік орында ішіп отырған сусыныңды қараусыз қалдырма. Қазіргі заманда бұл өте қауіпті.
- Ешкімге ескертпей, айтпай бөтен адаммен кездесуге барма. Өзіңді қорға.
- Саған ешкім сенбесе де өзіңе деген сенімді жоғалтпа және мен саған сенем.
- Достарым айтты, мәжбүрледі деп қаламаған нәрсеңді істеме. Ондай жандар нағыз дос емес.
- Ауырлық, ауырсыну – бұл өмір бойы сақталатын нәрсе емес. Уақыт келе бәрі басылады, өтеді.
- Армандаған, қалаған нәрсеңе қол жеткізе алатыныңды ұмытпа. Өз мақсатыңа жету жолындағы қиын істерден қорықпа.
- Ерекше идеяларға, музыкаға, өнерге, әдебиетке, тамаққа және ғажайып орындарға жиі ғашық бол.
- "Жоқ" деген сөзіңнен айныма. Егер өзіңе сенімді түрде біреуге "жоқ" деген болсаң, онда сол сөзіңнен айныма. Алға жылжуыңды тоқтатпа.
- Көлігің жоқ болса да дөңгелек ауыстырып және рецепсіз, қолда бардан тамақ жасап үйрен. Себебі ол жағдайлар өмірде міндетті түрде керек болады.
- Әрдайым өз-өзіңмен бол. Өзгелерге қарай икемделіп, ілесудің қажеті жоқ.
- Бақылауыңа ала алмайтын істер үшін басыңды ауыртпа. Ол нәрселер уақытың мен күшіңді құртуға тұрмайды.
- Өз ішкі түйсігіңнен басқа ешнәрсеге және ешкімге сенбе. Ішкі түйсік адамды алдамайды.
- Сенің тәнің - сенің ережең. Ешкім сенің салмағыңа, шашыңдағы бояудың түсіне сын айта алмайды.
- Сенің үйіңнің есігі сен үшін әрдайым ашық. Қай уақытта, қай жерден болсын қайта келе аласың. Отбасың сені жақсы көреді.
- Өз тегіңді ұмытпа.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,


