Астанада жол саласына арналған XXII халықаралық мамандандырылған «Kaztraffic-2026» көрмесі өтеді

0
95

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.


Астанада жол саласына арналған XXII халықаралық мамандандырылған «Kaztraffic-2026» көрмесі өтеді

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 18–20 қараша аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми қолдауымен жол саласына арналған XXII халықаралық мамандандырылған «Kaztraffic-2026» көрмесі өтеді.

Көрмеге Көлік министрлігінің, Автомобиль жолдары комитетінің және оған қарасты ұйымдардың өкілдері, отандық және шетелдік 150-ге жуық компания, жол-құрылыс техникасы мен материалдарын өндірушілер, ғылыми ұйымдар және халықаралық сарапшылар қатысады.

Көрме аясында заманауи жол-құрылыс техникасы мен жабдықтары, жаңа жол жабындары мен инновациялық материалдар, автомобиль жолдарының жай-күйін диагностикалау және бақылауға арналған цифрлық жүйелер, интеллектуалды көлік жүйелері, сондай-ақ салмақ пен габаритті автоматты түрде бақылау технологиялары таныстырылады.

Іс-шараның жеке бағдарламасы Қытаймен ынтымақтастыққа арналады. Бейжің интеллектуалды көлік қауымдастығының (ITS Beijing) өкілдері мен қытайлық технологиялық компаниялар жол инфрақұрылымын цифрландыру, көлік ағындарын бақылау, салмақ-габариттік бақылау және ақылы автомобиль жолдарын басқару саласындағы шешімдерін ұсынады.

Іскерлік бағдарламаның негізгі шараларының бірі – «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ұйымдастыратын «Жолдар және инновациялар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Оған 20-дан астам елдің өкілдері мен 40-тан астам спикер қатысады деп күтілуде.

ҚазжолҒЗИ көрмеде отандық цифрлық әзірлемелерін, оның ішінде жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай RCMBase базасын, көпір құрылыстарын пайдалану жүйесін (СУЭМ), елді мекендердің көше-жол желісін басқару жүйесін (СУДС), сондай-ақ Jolshy жол саласы мамандарының біліктілік базасын таныстырады.

Көрмеге республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ да қатысады. Келушілер компанияның қызметімен танысып, жаңа технологиялар мен материалдарды қолдану жөнінде ұсыныстарын білдіріп, ынтымақтастық перспективаларын талқылай алады.

Көрме тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстар орнатуға және жол саласына озық технологияларды енгізу мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Бұл автомобиль жолдарының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол инфрақұрылымын күтіп-ұстау тиімділігін арттыруға ықпал етеді.