160 тоннаға арналған қосымша бактар: ІІМ жанармайды заңсыз шығару схемасын әшкереледі

0
71

Жанармайды Қазақстан аумағынан тыс жерлерге заңсыз шығарумен күрес полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі.


160 тоннаға арналған қосымша бактар: ІІМ жанармайды заңсыз шығару схемасын әшкереледі

Видеодан алынған кадр

ERNUR.KZ. Қазақстанда жыл басынан бері автокөліктерге қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 жағдайы анықталды. Олардың жалпы көлемі шамамен 160 тоннаны құраған. Ішкі істер министрлігі мұндай заңбұзушылықтар қай өңірлерде жиі анықталғанын мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Ең көп заңбұзушылық Жамбыл облысында анықталды

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жанармайды Қазақстан аумағынан тыс жерлерге заңсыз шығарумен күрес полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

Осы мақсатта мемлекеттік шекара арқылы өтетін 48 автомобиль өткізу пунктінің маңында тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттері қойылған.

Жыл басынан бері құқық қорғау органдары қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 фактісінің жолын кесті. Олардың жалпы сыйымдылығы 159,5 тоннаны құраған.

Заңбұзушылықтардың басым бөлігі үш облыста тіркелді:

  • Жамбыл облысы - 386 жағдай;
  • Түркістан облысы - 119 жағдай;
  • Қостанай облысы - 80 жағдай.

Жүргізушілерге айыппұл салынды

ІІМ хабарлауынша, жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға айыппұл салынған.

Қосымша жабдықтар бөлшектеліп, содан кейін автокөліктер иелеріне қайтарылды.