Үлде мен бүлдеге орау – сүйіспеншіліктің көрінісі емес, уақыт пен назар орнын ақшамен толтыруға тырысу
Олар дүниеге келген сәттен бастап-ақ ересектердің көпшілігі армандайтынның бәріне ие болды: атақ, мол байлық, шексіз мүмкіндік және ықпал. Қымбат көліктер, дизайнерлік киімдер, жылжымайтын мүлік пен өнер туындылары – бұл жұлдыздардың балалары үшін қалыпты өмір салты сияқты.
«Marie Claire» редакциясы ата-анасының шектен тыс қамқорлығындағы әлемдік жұлдыздардың ең ерке балалары рейтингін жасапты.
Блю Айви
Бейонсе мен Джей-Зидің тұңғыш қызы. Ол дүниеге келе сала қымбат сыйлықтар тау боп үйілген. Асыл тастармен көмкерілген дизайнерлік балалар орындығы, құны 50 мың доллар тұратын арба және ең сәнді люкс брендтердің киімдері – көзін ашқаннан көрген қарапайым бұйымдары.
Блю Айви отбасының ерекше еркесіне айналып өсті. Қазірдің өзінде ата-анасы оның кез келген тілегін орындауға дайын сияқты. Оның құрметіне арналған салтанатты кештер мен мерекелер, люкс көліктердің шағын көшірмелері, құны 75 мың долларлық таза қанды араб сәйгүлігі, зергерлік бұйымдар және анасының көйлектерін қайталайтын дизайнерлік сән үлгілері соның дәлелі. Қыздың жеке автопаркінде қызғылт Cadillac пен көк Lamborghini бар. Осының бәрі Бейонсе мен Джей-Зидің ата-ана ретінде перзентін қуанту мен шектен тыс еркелету ұғымдарын айырмайтындай әсер қалдырады.
2017 жылы Блю Айвидің Сэр мен Руми есімді егіз інісі мен қарындасы дүниеге келді. Бүгінде егіздер де байлыққа толы өмірдің барлық қызығын көріп өсіп жатқан шығар.
Сури Круз
Кэти Холмс пен Том Круздың махаббатынан жаралған, Нью-Йорктің «алтын жастарының» ханшайымына айналған бойжеткен. Ол тек көйлек пен белдемшені ұнатады және бала кезінен биік өкшелі аяқ киім киеді. Жасөспірім кезіндегі еркелігі мен бірбеткей мінезі мұғалімдеріне бірқатар қиындықтар туғызғаны туралы сөз бар.
Сури Круз жеті жасында-ақ өзінің жеке киім топтамасын шығарған. Том Круз бен Кэти Холмс ажырасқанда, Сури анасының қолында қалды. Ал әкесі қызымен қарым-қатынасын күрт үзді. Бұл жағдай Суриге қайта оң әсер еткендей. Кэти Холмс қызын өте тәрбиелі әрі қарапайым бойжеткен етіп өсірді. Қазір ол өсек-аяңға толы сәнді кештердің кейіпкері болуға ұмтылмайды. Колледжде білім алып, киноға арналған музыка жазуға қызығушылық танытып жүргені байқалады.
Валентина Палома Пино
Актриса Сальма Хайектің 41 жасында дүниеге әкелген жалғыз қызы. Дәрігерлер тіпті сәби Даун синдромымен туылуы мүмкін деген күдік білдірген. Алайда, қуанышқа қарай, дүниеге сау нәресте келіп, қазір Хайек–Пино отбасы бақуатты әрі молшылықта өмір сүріп жатыр.
Анаң – әлемге әйгілі актриса болса, ал әкең мен атаң Forbes тізімінен түспейтін миллиардерлер болса, ештеңеден таршылық көрмеу заңдылық. Сондықтан Валентина кішкентайынан сәнді киінуді, мінсіз маникюр жасауды және жоғары қоғамдағы салтанатты кештерге қатысуды жақсы біледі.
Әкесі – миллиардер Франсуа-Анри Пино қызының көңілін табудан ешқашан жалыққан емес. Мәселен, Лос-Анджелестен құны 12 миллион доллар тұратын зәулім үй сатып әперген.
Бэррон Трамп
АҚШ президентінің кенже ұлы. Әкесіне айнымай тартып өсіп келеді. Анасы Мелания бір сұхбатында оны тіпті «кішкентай Дональд» деп атаған болатын.
Бэррон Нью-Йорктің «алтын балаларына» тән «қарапайым» өмір салтын ұнатады: жылдық оқу ақысы 45 мың доллар болатын жекеменшік мектепте оқиды, Trump Tower ғимаратындағы өзіне арналған жеке қабатта ойнайды, серуендеуге күзетпен шығады және анасының косметикалық желісіндегі қара уылдырық қосылған бетке арналған маскаларды қолданады.
Харпер Бекхэм
Виктория және Дэвид Бекхэмнің ханшайымы. Әлемдік папараццилердің сүйікті кейіпкерлерінің бірі ғана емес, Бекхэмдер отбасындағы ең ерекше қамқорлық көретін бала.
Анасы Виктория қызын сәнді киімдермен еркелетіп, ең беделді сән көрсетілімдеріне бірге алып барады. Әрине, Харпер мұндай шараларда бірінші қатарда отырады. Ал әкесі Дэвид әр сұхбатында қызына деген ерекше сүйіспеншілігін айтып, оған тек ең жақсысын сыйлайтынын қайталаудан жалықпайды. Шынында да, оның қызына арнаған сыйлықтарының салтанаты мен бағасы таңғалдырады. Мысалы, қызының екі жасқа толуына орай Бристоль суретшісі Дэмиен Херсттің құны 600 мың фунт стерлинг (шамамен, 372 млн теңге) болатын картинасын сыйлаған. Ал алты жасқа толған туған күнін жай ғана қымбат мейрамханада емес, Букингем сарайында атап өтті. Бұл кеште туған күн иесі мен оның құрбыларына II Елизавета патшайымның немересі, ханшайым Евгенияның өзі қамқорлық жасаған.
Макс Лайрон Брэтман және Саммер Рэйн
Кристина Агилера да көптеген жұлдыз аналар секілді балаларын еркелетудің бірде-бір мүмкіндігін жібермей, барынша сән-салтанат сыйлауға тырысады. Мысалы, тұңғышы дүниеге келмей тұрып-ақ әнші мен сол кездегі жұбайы Джордан Брэтман сәбидің бөлмесіне 35 мың доллар жұмсаған. Бөлмеде қайық пішініндегі төсек, жарық шашып тұратын алып жарты ай, адам бойымен бірдей Паддингтон қонжығы, ондаған ойын консолі және өте қымбат дизайнерлік жиһаздар болған.
Осындай ерекше қамқорлық Кристинаның продюсер Мэттью Ратлерден туған қызы Саммер Рэйнге де көрсетілді. Әнші қызына түрлі-түсті сәнді кештер ұйымдастырып, оны нағыз ханшайымдай киіндіреді.
Атақты әрі бай адамдардың балалары – әлемді аяғының астына тосатын ортада өседі. Алайда, шексіз байлық пен танымалдықтың арғы жағында бала тәрбиесіне кері әсер ететін үлкен қауіптер мен психологиялық кедергілер жатыр.
Тұтынушылық психология мен құндылықтардың бұрмалануы
Бала кішкентайынан кез келген қалауының ешқандай күш-жігерсіз орындалатынына үйренсе, «әр нәрсенің артында еңбек тұр» деген түсінік қалыптаспайды. Құны ондаған, жүздеген мың доллар тұратын сыйлықтарды күнделікті қалыпты дүние сияқты қабылдау қанағатсыздыққа ұшыратады. Олар үшін қуаныш сезімі тез басылады. Қарапайым заттардан эмоционалды ләззат алу қабілеті төмендеп, қуану үшін күннен-күнге қымбатырақ, ерекшерек «доза» талап етіле бастайды.
Ішкі мотивацияның және өзін-өзі жүзеге асырудың төмендеуі
Байлықтың уысында өскен балаларда жиі кездесетін басты мәселе – мақсаттың жоқтығы. Қарапайым адамның баласы білім алуға, мансап құруға, өз бетінше табыс табуға ұмтылса, «алтын жастардың» алдында мұндай өмірлік қажеттілік тұрмайды. Бәрі дайын. Бұл жағдай көбіне «өмірді кейінге қалдыру синдромына» немесе енжарлыққа (апатияға) алып келеді. «Әкем мен анам жететін биіктіктің бәрін бағындырды, мен бәрібір олардан асып түсе алмаймын» деген ішкі комплекс пайда болады.
Әлеуметтік оқшаулану және шынайы достықтың тапшылығы
Атақты жұлдыздардың балалары күзетшілердің, жеке жүргізушілердің, арнайы жабық мектептердің ортасында өседі. Олар шынайы өмірден және қарапайым қоғамнан ажырап қалады. Сенімсіздік пен күмән үнемі серік болады: «Айналамдағы адамдар менімен шын дос па, әлде ата-анамның байлығы мен атағы үшін жүр ме?» деген сұрақ шынайы достық пен махаббат орнатуға кедергі жасайды.
Тұлғалық шекаралардың бұзылуы және өзімшілдік (эгоцентризм)
Шексіз еркелік пен бақылаусыз мүмкіндіктер бала бойында «маған бәрі рұқсат» деген адасқан сенімді қалыптастырады. Баланың ересектерге, ережелерге және қоғамдық нормаларға деген құрметін жоғалтқанының айқын көрінісі.
Жоғарыда келтірілген мысалдардың ішінде Сури Круздың өмірі өнеге аларлықтай. Кэти Холмс ажырасқаннан кейін қызын Голливудтың шулы да сәнді өмірінен алыстатып, қарапайым ортада, шектеулер мен жауапкершілікті сезіндіріп өсірді. Нәтижесінде, Сури сән-салтанаттың соңынан қумайтын, өз бетінше білім алып, өнерін дамытуға ұмтылатын есті бойжеткенге айналды.
Бұл мысал баланың қандай болып өсуі байлықтың мөлшеріне емес, ата-ананың берген тәрбиесі мен қойған шекараларына байланысты екенін дәлелдейді.
Баланы үлде мен бүлдеге орау – сүйіспеншіліктің көрінісі емес, көбінесе ата-ананың балаға уақыт пен шынайы назар бөле алмаған өкінішінің орнын ақшамен толтыруға тырысуы.
Балаға ең керегі – миллион долларлық суреттер мен сәйгүліктер емес, ата-ананың шынайы мейірімі, еңбекке баулуы, жауапкершілікті үйретуі және өмірдің нақты құндылықтарын ұғындыруы. Себебі материалдық байлық өмірдің барлық соққысынан қорғайтын сауыт бола алмайды, ал дұрыс берілген тәрбие мен ішкі деңгейлі мәдениет кез келген тығырықтан жол тауып шығуға көмектеседі.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ҰЛ-ҚЫЗЫның болашағына БАЛТА ШАБАТЫН аналар
БАЛАНЫ ТАСТАП ҚЫДЫРУ: Өзіңді кінәлаудан арылтатын 5 қадам


