ПРАКТИКАНЫ тиімді пайдалан, СТУДЕНТ!

0
275

Практика – өзіңді көрсетуге, үйренуге, және болашағыңды құруға керемет бастама


ПРАКТИКАНЫ тиімді пайдалан, СТУДЕНТ!

Колледжде оқитын кез келген студенттің күндердің бір күнінде алдынан шығатын кезең – практика. Бірі бұл уақытты "тек құжат жинап, қол қойдырып өтсем болды" деп қабылдаса, екіншісі оны болашақ жұмыс жолына бастайтын нақты мүмкіндік деп қарайды. Екі көзқарастың да өмірде кездесетін тұстары бар. Бірақ, шын мәнінде, практика – өзіңді көрсетуге, үйренуге, және болашағыңды құруға керемет бастама екенін түсінген жөн.

Неге практика маңызды?
Колледжде біз көбіне теорияны оқимыз: пәндер, формулалар, сызбалар, жоспарлар. Бірақ нақты өмірде оларды қалай қолдану керектігін бәріміз бірдей біле бермейміз. Міне, практика – осы теорияны іс жүзінде қолданып көруге мүмкіндік. Яғни, бұл – кәдімгі "жұмыс атмосферасына" алғаш еніп көру. Енді сол практиканы қалай пайдалы өткізуге болады?

1. "Жай ғана өтіп шығамын" деген ойдан арыл
Көп студент "қой, тыныш қана отырып, бәрін қол қойдырып өткізіп тастасам болды" деп ойлайды. Бірақ есіңде болсын: сенің болашақ жұмыс берушің тәжірибеңе де қарайды. Қандай жобаларға қатыстың? Не үйрендің? Ештеңе істемей, уақыт өткізсең – бұл мүмкіндік босқа кеткені.

2. Белсенді бол!
Бір нәрсе түсініксіз болса – сұра. Ұялма. Ешкім сені бәрін біледі деп ойламайды. Керісінше, сұрақ қойып, үйренуге тырысқаның – сені қызығушылығы бар, болашағынан үміт күттіретін адам ретінде көрсетеді.

3. Үлкендерден үйрен
Жаныңдағы тәжірибелі қызметкерлерден көп нәрсе үйренуге болады. Кейде олар кітапта жазылмаған нәрселерді көрсетеді. Әңгімелес, сұхбаттас, жай тыңдап отырсаң да – жаңа дүниелерді бойыңа сіңіріп жатасың.

4. Жұмыс мәдениетін байқа
Мысалы, қызметкерлердің жұмысқа келу уақыты, өзара қарым-қатынасы, қалай киінетіні, тапсырманы қалай орындайтыны – бәрі де саған үлгі бола алады. Болашақта жұмыс істегенде бұл дағдылар қажет болады.

5. Ескерту айтса – ренжіме
Сен әлі маман емессің. Қателесесің – бұл қалыпты жағдай. Егер саған бір нәрсені дұрыс емес деді ме – оны жеке қабылдама. Керісінше, бұл сенің өсуіңе көмектесетін кеңес ретінде қабылда.

6. Тапсырма берсе – жауапкершілікпен орында
Кейде саған тапсырма береді: есеп шығару, сызба жасау, құжат толтыру, компьютерге енгізу... Бұл – сенің сенімділігіңді тексерудің жолы. Тапсырманы мұқият әрі сапалы орындасаң – сен туралы жақсы пікір қалыптасады.

7. Күнделік пен есепті "әйтеуір жазып" қойма
Көп студент күнделікті практика соңында, бәрі біткенде жазып тастайды. Бұл дұрыс емес. Күн сайын не істегеніңді қысқаша жазып отыр. Бұл сенің өзіңе де пайдалы: не үйрендің, қандай қиындық болды, қалай шештің – бәрін саралап отырасың.

Тәжірибе саған не береді?
Нақты кәсіби ортаға енесің
• Жаңа дағдылар меңгересің
• Өзіңнің мықты және әлсіз тұстарыңды байқайсың
• Жұмыс орнын таңдауда көзің ашылады
• Болашақта жұмысқа тұру мүмкіндігің артады
Практика – жай өтіп кететін "қысқа кезең" емес, сенің өміріңдегі маңызды бұрылыс. Егер оны дұрыс пайдалана білсең, ол сенің өміріңдегі алғашқы нағыз жұмыс тәжірибең болып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Қолыңнан келгенше белсенді бол, үйрен, көр, сына. Мүмкін, осы практиканың арқасында болашақтағы жұмысың, тіпті арманың анықталатын шығар. Бастысы – сені ешкім ұстап тұрған жоқ. Жетістікке жол өзіңнен басталады.