​Жасанды интеллект креативті индустрияны қалай өзгертеді?

0
82

Креативті саланың дамуына кадр даярлау мен инфрақұрылымдық қолдау да ықпал етуде.


​Жасанды интеллект креативті индустрияны қалай өзгертеді?

көрнекілік үшін сурет: ЖИ

Жасанды интеллект шығармашылық индустрияның даму бағытын түбегейлі өзгертіп келеді. Бұрын үлкен қаржы мен жүздеген маманның еңбегін қажет ететін кино, музыка және визуалды контент өндірісі бүгінде генеративті технологиялардың көмегімен әлдеқайда жылдам жүзеге аса бастады. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, жасанды интеллектті шығармашылық салаға енгізумен қатар, әлемдік нарыққа технологиялық өнім ұсынуға көшті.

Бұл өзгерістің айқын көрінісі – Астанада AI Month және AI & Digital Bridge 2026 халықаралық конференциясы аясында өткен Astana AI Film Festival. Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түсіп, ұсынылған фильмдердің жалпы ұзақтығы 100 мың минуттан асты. Қазақстан 850-ге жуық өтінім жіберіп, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға жайғасты. Екі отандық жұмыс финалға өтті.

Қатысушылар фильм жасау үшін 80-нен астам генеративті модельді пайдаланған. Нәтижесінде 19 жанрды қамтитын 25 үздік жұмыс іріктеліп, олардың көрсетілімі төрт сағаттан асты. Фестивальдің жалпы қоры 2 миллион долларды құрады. Оның 1 миллион доллары жүлдеге бөлінсе, қалған 1 миллион доллар халықаралық инвестор Баладжи Сринивасан тарапынан болашағы зор AI-командаларға инвестиция ретінде қарастырылды.

Astana AI Film Festival тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жалидың айтуынша, жасанды интеллект көмегімен жарты сағаттық және толықметражды фильмдер жасауға алғашқы сәтті қадамдар жасалып жатыр. Оның болжамынша, алдағы екі-үш жылда көрерменге фильмнің дәстүрлі тәсілмен немесе AI көмегімен түсірілгенін ажырату қиын болуы мүмкін. Өйткені дәстүрлі киноөндірісте 100–120 адамнан тұратын топ, түсірілім алаңы мен ұзақ дайындық қажет болса, жаңа технологиялар кейбір үдерістерді бірнеше күнде орындауға мүмкіндік береді.


Қазақстанның бұл бағыттағы тағы бір жетістігі – Higgsfield AI стартапы. Astana Hub экожүйесінде дамыған жоба 238 ел мен аумақта 30 миллионнан астам пайдаланушыны қамтыған. Стартап шамамен 550 миллион доллар инвестиция тартып, нарықтық бағасы 5 миллиард доллардан асты. Команданың 95 пайызы қазақстандық мамандардан құралған. AI & Digital Bridge 2026 қорытындысында жоба «International Breakthrough of the Year» аталымымен марапатталды.

Креативті саланың дамуына кадр даярлау мен инфрақұрылымдық қолдау да ықпал етуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырған «Creative Shift» буткемпіне Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 500-ден астам шығармашылық маман қатысты. Жеті күндік бағдарламада қатысушылар маркетинг, брендинг, инвестиция тарту және жасанды интеллект құралдарын қолдану бағытында білім алды.

Музыка индустриясында да цифрлық шешімдердің маңызы артып келеді. «Creative Industry Project of the Year» аталымының жеңімпазы атанған ōzen платформасында 2 364 әртіс қызмет етеді. 2019–2026 жылдар аралығында платформа отандық орындаушыларға 489 миллион теңге көлемінде роялти жинап берген.

Ал AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында шығармашылық индустриядағы технологиялық өзгерістер талқыланып, 61 келісім мен меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасының құрылысы аталды.


Жалпы, жасанды интеллект шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп, кино, музыка және цифрлық контент өндірісіндегі кедергілерді азайтып отыр. Қазақстандық авторлардың халықаралық байқауларға қатысуы мен Higgsfield AI секілді отандық жобалардың жетістігі еліміздің бұл салада тек технология тұтынушысы емес, өнім әзірлеуші елге айналып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – жаңа технологияларды ұлттық мазмұнмен ұштастырып, отандық шығармашылық өнімдердің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Ж.Сатқанбай.

Бөлісу