​Шымкентте жұмыссыздар кәсіп үйренеді

0
331

Қазіргі уақытта оң шешім алған жұмыс берушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуға жолдау жұмыстары жүргізілуде.


​Шымкентте жұмыссыздар кәсіп үйренеді

Шымкент қаласында 2025 жылы жалпы саны 770 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқыту көзделіп отыр.

Бұл бастама ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №231 бұйрығы негізінде жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлау және жұмыссыздық деңгейін төмендету.

Жоспар бойынша 770 адамның ішінде 610 азамат арнайы білім беру ұйымдарында кәсіптік оқудан өтсе, тағы 160 адам тікелей жұмыс берушілердің өз жұмыс орындарында тәжірибелік оқытудан өтеді. Бұл тәсіл теория мен практиканы ұштастыра отырып, жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік береді.

Аталған жоспарды іске асыру үшін қаладағы 34 жұмыс берушіден барлығы 1279 оқыту орнына өтінім түскен. Оның ішінде:

  • Білім беру ұйымдарында оқыту үшін 18 жұмыс беруші 935 орын ұсынған;
  • Жұмыс орнында оқыту үшін 16 жұмыс беруші 344 орын ұсынған.

Өңірлік комиссия осы өтінімдерді қарастырып, сұраныс пен қажеттілікке сәйкес шешім қабылдады. Нәтижесінде:

  • 8 мамандық бойынша 16 жұмыс берушінің 292 оқыту орны;
  • 13 мамандық бойынша 15 жұмыс берушінің 153 орны мақұлданды.

Дегенмен, кейбір өтінімдер талаптарға сай болмауына байланысты қабылданбады: білім беру ұйымдарындағы оқыту бойынша 643 орын және жұмыс орнындағы оқыту бойынша 191 орын мақұлданған жоқ.

Қазіргі уақытта оң шешім алған жұмыс берушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыссыз азаматтарды оқытуға жолдау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бағдарлама аясында тігінші, дәнекерлеуші, электрмонтажшы, аспаз, жүргізуші секілді сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту қарастырылған.

Жаңа кәсіп үйренгісі келетін тұрғындар алдымен өз мекенжайы бойынша аудандық Мансап орталығына барып, «жұмыссыз» мәртебесін алуы керек. Осы мәртебе берілген соң ғана оқуға өтінім беруге мүмкіндік ашылады. Оқыту курстары тегін, ал қатысушыларға оқу кезеңінде ай сайын шәкіртақы төленуі де қарастырылған.

Бұл бастама қала тұрғындарына еңбек нарығында өз орнын табуға, кәсіби дағдыларын арттыруға және тұрақты табысқа қол жеткізуге жол ашады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіптік оқудан өткен азаматтардың басым бөлігі оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналаса алады.

Бөлісу