Ветеринарларға екі айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленуі мүмкін

0
121

​Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып жатыр.


Ветеринарларға екі айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленуі мүмкін

ERNUR.KZ. Ветеринария саласындағы мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың кәсіби мәртебесін көтеру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отыр, деп жазады baq.kz.

Осы мақсатта Парламент Мәжілісінің депутаттары ветеринария мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Құжатта ветеринариялық дәрігерлерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, арнайы киіммен қамтамасыз ету, кәсіби палата құру, ветеринариялық препараттардың айналымын бақылау және саланы цифрландыру мәселелері қамтылған. Бұл туралы Құрылтай отырысында депутат Серік Егізбаев мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, ветеринариялық мамандардың әлеуметтік қорғалуын арттыру, ветеринариялық салауаттылық пен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Заң жобасында бірнеше негізгі бағыт бойынша өзгерістер мен толықтырулар көзделеді. Ең алдымен, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді ажыратып, ветеринариялық ұйымдардың функцияларын нақтылау қажет. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға қан алу жүйелерін сатып алу міндеті жүктеледі. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ ветеринариялық препараттардың айналымына байланысты қызметтердің толық кешенін жүзеге асырады. Сондай-ақ ауруға байланысты алып қойылатын және жойылатын жануарлардың, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу функциясы да осы жасаққа беріледі. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің құзыретіне эпизоотиялық ошақтарды тексеру, ветеринария саласында лицензиялар мен рұқсаттар беру мәселелері кіреді. Ал Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық ветеринариялық препараттар өндіру саласында сараптамалық қызмет атқарады. Бұдан бөлек, жергілікті деңгейде құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринариялық іс-шараларды орындау, патологиялық материалдардан сынама алу және басқа да функциялары нақтыланады, – деді Серік Егізбаев.

Депутат заң жобасындағы маңызды бағыттардың бірі ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесін көтеру және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін атап өтті.

Оның сөзінше, ветеринария мамандығының, әсіресе ауылдық жерлерде, тартымдылығы жеткіліксіз. Бұл кадр тапшылығына, жұмыс істеп жүрген мамандарға түсетін жүктеменің артуына және ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы жүргізілмеуіне әсер етіп отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін ветеринария мамандарын әлеуметтік және кәсіби қолдау шараларын едәуір жақсарту ұсынылады. Атап айтқанда, оларға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыққанда кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу көзделген. Ғылыми дәрежесі бар мамандарға да қосымша ақы қарастырылады. Ғылым кандидатына айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ал ғылым докторына негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу ұсынылады. Сонымен қатар ветеринария мамандары арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Ветеринариялық дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін білдіру және қорғау, олардың есебін жүргізу, біліктілігін арттыру мақсатында ветеринария саласында қоғамдық ұйым нысанындағы ветеринариялық палата құру да қарастырылып отыр, – деді депутат.

Заң жобасында ветеринариялық препараттардың айналымын реттеу мәселесіне де басымдық берілген. Бұл бағыттағы рәсімдерді Еуразиялық экономикалық одақ құжаттарына сәйкестендіру ұсынылады.

Ветеринариялық препараттардың айналымын бақылау үшін фармацевтикалық инспекция құру көзделеді. Бұл ветеринариялық препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, оларды өндіруге қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз етуге және өндірушілердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Серік Егізбаев.

Тағы бір маңызды бағыт – ветеринария саласын цифрландыру. Депутаттың айтуынша, орын ауыстырылатын объектілердің қадағалануын қамтамасыз ету, есепке алу мен есептілікті жетілдіру, сондай-ақ ветеринариялық қызметті автоматтандыру үшін салалық цифрлық жүйе құрудың және оның жұмыс істеуінің негізгі бағыттары заң жобасында бекітіледі.

Бұл жүйеде ветеринария саласындағы субъектілер мен объектілер, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау және ветеринариялық қызметтің өзге де бағыттары туралы мәліметтер қамтылады.

Заң жобасының тағы бір бағыты ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейтуге және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жануарларды, олардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізетін сауда объектілерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды тұрақты негізде жүргізу ұсынылады. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстарын олардың иелері өз қаражаты есебінен жүргізуі көзделеді. Ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз ету және жануарлар басын есепке алудың дұрыстығын арттыру үшін жеке және заңды тұлғалардың міндеттері де белгіленеді. Олар жануарларды өткізу және сою туралы, сондай-ақ сәйкестендіру бұйымдарының жоғалғаны немесе бүлінгені жөнінде белгіленген мерзімде хабарлауға тиіс, – деді депутат.

Серік Егізбаевтың мәліметінше, заң жобасының ережелерін іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.