Оқиға 15 қазанда "София 3" жекеменшік балабақшасында болған.
ERNUR.KZ. Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеленуші баланы басқа бала темір орындықпен бірнеше рет ұрған. Оқиғадан кейін баланың анасы полицияға шағым түсірген. Қазір аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп жазады stan.kz.
Оқиға 15 қазанда "София 3" жекеменшік балабақшасында болған. Баланың анасының айтуынша, салмағы шамамен 2-3 келі болатын темір орындықпен ұлын бірнеше рет ұрған. Сол сәтте балалардың жанында тәрбиеші де, басқа ересектер де болмаған.
Әйел баласын алып кетуге келгенде, балабақша қызметкерлері балалар орындыққа таласып, жиһаз сырғып кетіп, ұлы абайсызда соғылғанын айтқан.
Алайда анасы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін баласын бұл балабақшаға қайта апармауға шешім қабылдаған.
"Біз балабақшаға ең қымбат дүниемізді – балаларымызды сеніп тапсырамыз. Сондықтан олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі деп күтуге құқылымыз", – деді ол.
Сондай-ақ әйел қазан айы үшін төлеген 80 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Оның сөзінше, оқиғадан кейін баласы балабақшаға бармағанымен, ақшасы әлі күнге дейін қайтарылмаған.
Бұдан бөлек, анасы оқиға түсірілген бейнежазбалардың сақталуына алаңдайды. Себебі балабақшада камера жазбалары бір ай ғана сақталады. Әйелдің айтуынша, оқиға болғанына үш аптаға жуық уақыт өткен, сондықтан бейнежазба кез келген уақытта автоматты түрде өшірілуі мүмкін.
Нұра аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.
"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді полиция.
Тергеудің өзге мәліметтері әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бегімбет ауылындағы "Айгөлек" бөбекжай-бақшасында тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан 1,5 жасар баланың бетін тырнағаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді. Баланың анасы қызметкер мұны басқа тәрбиешімен арадағы кикілжіңге байланысты әдейі жасағанын айтқан. Оқиғадан кейін қызметкер жұмыстан уақытша шеттетіліп, полиция қылмыстық іс қозғаған.


