Шымкентте жолайрық құрылысында 54 жастағы жұмысшы көз жұмды

0
155

Шымкент қаласында Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысында қайғылы оқиға болды.


Шымкентте жолайрық құрылысында 54 жастағы жұмысшы көз жұмды

Фото: depistphoto.com

ERNUR.KZ. Шымкент қалалық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, деп жазады baq.kz.

Шымкент қаласында Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысында қайғылы оқиға болды. Құрылыс алаңында 54 жастағы жұмысшы қаза тапты.

Алдын ала мәлімет бойынша, құрылыс жұмыстары кезінде ер адам экскаватордың доңғалағының астына түсіп қалған. Ауыр жарақат алған жұмысшы жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Шымкент қалалық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Сонымен қатар, оқиғаны Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы да тексеріп жатыр. Алдын ала дерекке сәйкес, қаза тапқан азаматты қосалқы мердігер ұйым еңбек шартын рәсімдемей жұмысқа тартқан болуы мүмкін.

Инспекторлар құрылыс нысанында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты тексеру жүргізеді.