Жобаның алғашқы айы қазақтың даңқты қолбасшысы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналды
Шымкент қаласындағы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және ұлттық тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытуға бағытталған «Ел тұтқа» тұлғатану дәрістері өтіп жатыр.
Он айға жоспарланған жоба аясында әр ай белгілі бір тарихи немесе әдеби тұлғаға арналады. Қатысушылар оның өмір жолы, шығармашылығы, ел алдындағы еңбегі мен азаматтық болмысын жан-жақты зерделейді.
Жобаның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастырумен қатар, жастарға ұлттық тарих пен әдебиетте өзіндік із қалдырған тұлғалардың өнегесін таныту.
Жобаның алғашқы айы қазақтың даңқты қолбасшысы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналды. Әр сенбі сайын өтетін дәрістер барысында жастар тақырып бойынша жаңа мәліметтер алып, сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін толықтырады. Ай соңында қорытынды тест өткізіліп, үздік қатысушылар марапатталады.
Жобаның негізгі дәріс берушісі – ақын, аудармашы, әдебиетші ғалым Абай Қалшабек. Оның айтуынша, жастардың жобаға деген қызығушылығы жоғары.
«Жастар дәріске жай ғана тыңдаушы ретінде келмей, тақырыпқа қатысты ізденіп, сұрақтарға белсенді жауап беруге тырысады. Бұл – олардың білімге деген құштарлығының белгісі», – дейді Абай Қалшабек.
Алдағы уақытта жоба аясында Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы таныстырылады.
Жоба авторы, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуовтың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – ұлттық тұлғалардың өмірі мен өнегесін кейінгі буынға жеткізу.
«Біз үшін ең маңыздысы – жастардың осы бастамаға қызығушылық танытып, кітап оқуға, ізденуге бет бұруы», – дейді ол.
«Ел тұтқа» дәрістеріне 10 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Мектеп оқушылары үшін жоба тегін. Колледж және жоғары оқу орны студенттері үшін ай сайынғы төлем – 2000 теңге, ересектер үшін – 5000 теңге.
Жоба барысында қатысушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі байқаулар мен марапаттау шаралары да ұйымдастырылады. Жыл қорытындысы бойынша үздік қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталады.


