​ЖАПОН тәрбиесінің 5 ҮЗДІК ӘДІСІ

0
234

Балаға дайын жолды көрсетіп, оның орнына жүріп беру оңай. Бірақ өз жолын табуға үйрету әлдеқайда маңызды.


​ЖАПОН тәрбиесінің 5 ҮЗДІК ӘДІСІ

Фото: ЖИ

Бала тәрбиесі – күн сайын жаңа сұрақтар туындататын, шексіз махаббат пен үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі әлем. «Баламды қалай жақсы түсінемін?», «Онымен ұрыспай-ақ мәселені қалай шешуге болады?», «Болашағына дұрыс бағыт беру үшін бүгін не істей аламын?» деген сұрақтар көптеген ата-ананы ойландырады.

Әр халықтың бала тәрбиесіне қатысты өзіндік қалыптасқан тәжірибесі бар. Солардың ішінде жапон қоғамындағы тәрбие мәдениеті дербестікке, жауапкершілікке, тәртіпке, өзгені сыйлауға және еңбекқорлыққа ерте жастан баулуымен ерекшеленеді.

Жапондық Като Нориконың «Бала тәрбиесіндегі 100 үздік әдіс» еңбегінде бала тәрбиесіне қатысты көптеген практикалық тәсілдер ұсынылады. Солардың ішінен ата-ана күнделікті өмірде қолдана алатын бес маңызды әдіске тоқталайық.


1. Нәтижені ғана емес, күш-жігерді бағалау

Жапон тәрбиесінде баланың тек соңғы нәтижесіне баға беріп қоюдан гөрі, сол нәтижеге жету жолындағы талпынысын байқау маңызды. «Сен ақылдысың», «Сен таланттысың» деген жалпы мақтаудан гөрі, баланың нақты әрекетіне назар аудару оның өз еңбегінің нәтижесін түсінуіне көмектеседі.

Мысалы, бала сурет салып келсе «Суретің керемет екен!» деп қана қоймай «Гүлдің түстерін бір-біріне үйлестіріп таңдапсың. Суретті ұқыпты салуға тырысқаның көрініп тұр», - деген дұрыс. Мұндай сөз баланың назарын «мен жақсы баламын» деген бағадан «мен еңбектенсем, нәтижеге жете аламын» деген түсінікке бағыттайды.

Тағы бір мысал. Бала ҰБТ-дан 105 балл жинады делік. «Жарайсың, 105 балл алыпсың!» деу табиғи. Бірақ ата-ана мұнымен шектелмей «Осы нәтижеге жету үшін қанша уақыт дайындалғаныңды білемін. Шаршаған кездерің болса да, дайындықты тоқтатпадың. Бүгінгі нәтиже – сол еңбегіңнің жемісі» десе, бала өзінің жетістігінің артында жүйелі дайындық тұрғанын сезінеді.

Бұл жерде бастысы – нәтижені жоққа шығару емес, нәтижеге жеткізген еңбекті де көре білу.


2. Балаға жасына сай жауапкершілік беру

Жапон тәрбиесінде баланың дербестігін ерте қалыптастыруға мән беріледі. «Икудзи» деп аталатын жапондық бала тәрбиесі мәдениетінде ата-ананың баланы біртіндеп өз бетінше әрекет етуге үйретуі маңызды орын алады. Бала белгілі бір істі өзі орындай алатын жасқа жетсе, ата-ана оның орнына жасап беруге асықпайды. Бұл – баланы қараусыз қалдыру емес, керісінше, оның мүмкіндігіне сенім білдіру.

Мысалы, бастауыш сынып оқушысы кешке мектепке қажетті заттарын өзі жинай алады. Анасы күн сайын «Ертеңгі сабақтарың қандай? Дәптеріңді салдың ба? Қаламың ше?» деп соңынан тексеріп, бәрін өзі дайындап берудің орнына, баланың портфелін өзі жинауына мүмкіндік береді.

Егер бала үйде қалған спорт киімін мектепке жеткізіп беру әрдайым дұрыс шешім бола бермейді. Бала сол сәтте «Келесі жолы кешке алдын ала тексеруім керек екен» деген қорытынды жасауы мүмкін. Әрине, бұл қағида баланың жасына және жағдайға қарай қолданылуы керек. Кішкентай баланың қауіпсіздігіне қатысты мәселеде ата-ана міндетті түрде араласады. Ал күнделікті ұсақ жауапкершіліктерді біртіндеп балаға беру оның өз ісіне иелік ету сезімін қалыптастырады.

Жоғары сынып жасындағы балаға таңдау жауапкершілігін жүктейді. Мысалы, жасөспірімге қандай үйірмеге қатысатынын ата-ана бірнеше нұсқаны ұсынады, бала өзіне қызықтысын таңдайды. Бірақ таңдағаннан кейін сабаққа тұрақты қатысу, қажетті құралдарын дайындау, уақытын дұрыс жоспарлау – оның жауапкершілігі.

Мұнда ата-ананың міндеті – баланың орнына өмір сүру емес, өмір сүруге қажетті дағдыларды қалыптастыру.


3. Ұрыспай, әрекетінің салдарын түсіндіру

Жапон тәрбиесінің тағы бір маңызды қыры – баланың қателігіне бірден ашумен жауап бермеу, оның әрекетінің салдарын түсінуге мүмкіндік беру. Тіпті бала жылағанда не ашуланғанда «Жылама!» деп тыйып ұрыспайды, сезімін сөзбен жеткізуге, не үшін ашуланып жатқанын түсінуге көмектеседі.

Мысалы, бала ойыншықтарын жинамай қойды делік. Анасы «Сенен түк шықпайды! Қанша рет айту керек?» деп ұрысқаннан гөрі «Ойыншықтар жерде шашылып жатыр. Қазір бөлмені жинау қиын болады. Оларды орнына қойсаң, ертең керек кезде өзің де оңай табасың» деп түсіндіре алады.

Немесе бала үй тапсырмасын уақытында орындамай, ойынға көп уақыт жұмсады. Ата-ана оның орнына тапсырмасын орындап бермейді, бірақ «Уақытты қалай бөлгеніңе қара. Ойынға ұзақ уақыт кеткендіктен, қазір сабаққа уақытың аз қалды. Келесі жолы қай уақыттан бастап дайындалған дұрыс деп ойлайсың?» деп баланың өзін ойландыруға болады.

Мұндай жағдайда бала тек «анасы ұрысты» деген қорытынды жасамайды. Ол «менің таңдауымның нәтижесі бар» екенін түсіне бастайды.


4. Баланың жеке шекарасын құрметтеу

Бала өскен сайын оның жеке кеңістігі де қалыптаса бастайды. Жапон тәрбиесінде ата-ананың баланың жеке заттарына, бөлмесіне, күнделігіне немесе жеке әңгімелеріне орынсыз араласпауы маңызды мәдени дағды ретінде қарастырылады. Бұл «балаға бәріне рұқсат беру» деген сөз емес. Керісінше, сенім мен жауапкершілікті қатар қалыптастыру дегенді білдіреді.

Мысалы, ата-ана баланың бөлмесіне кірер алдында есік қағып «Кіруге бола ма?» деп сұрайды. Бала ата-ананың алдында тұрғанымен, оның да жеке кеңістігі бар екенін сезінеді. Телефонына да дәл солай қараған жөн. Егер қауіпсіздікке немесе баланың өміріне қатысты нақты себеп болмаса, оның хаттарын, жазбаларын жасырын тексеру сенімге сызат түсіруі мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – баланың сырын көпшілік алдында талқыламау. Мысалы, жасөспірім ата-анасына бір мәселесін сеніп айтты делік. Кешкі дастарқан басында ата-анасы оны туыстарына: «Мына баланың басынан өткенін білесіңдер ме?» деп әзілге айналдырса, бала келесі жолы ата-анасына ішкі сырын айтпауы мүмкін. Ал ата-ана «Сен маған мұны сеніп айттың. Сондықтан рұқсатыңсыз ешкімге айтпаймын» десе, бала ата-анасын қауіпсіз әрі сенімді адам ретінде қабылдай бастайды.

Жеке шекарасы құрметтелген бала да біртіндеп өзгенің шекарасын сыйлауды үйренеді. Яғни ата-анасы есік қағып кірсе, ол да басқа адамның бөлмесіне рұқсатсыз кірмеуді; біреудің затын сұрамай алмауды; досының жеке әңгімесін өзгеге таратпауды табиғи түрде меңгереді.


5. Өзгені сыйлауды күнделікті әрекет арқылы үйрету

Жапон мәдениетінде тәртіп пен өзгені құрметтеу балаға құр сөзбен емес, күнделікті әрекет арқылы сіңіріледі. Үлкенді сыйлау, кезек күту, ортақ кеңістікті таза ұстау, өзгенің еңбегін бағалау сияқты қарапайым әдеттер баланың әлеуметтік мәдениетінің негізіне айналады.

Мысалы, қоғамдық көлікте бала үлкен кісіге орын берсе, ата-анасы «Жарайсың, жақсы бала екенсің» деп қана қоймай, «Сен оның шаршағанын байқап, өз орныңды ұсындың. Бұл – басқа адамның жағдайын түсіне білетініңді көрсетеді» деп түсіндіре алады.

Немесе бала мектепте сыныптасының затын рұқсатсыз алып қойды делік. Оған бірден айқайлап: «Қол тигізбе дедім ғой!» деудің орнына: «Егер біреу сенің затыңды рұқсатсыз алса, өзіңе қалай әсер етер еді?» деп сұрау баланы басқа адамның сезімін түсінуге жетелейді.

Балаға әдептілік пен сыйластықты үйретудің ең тиімді жолдарының бірі – ата-ананың өзі соған үлгі болуы. Өйткені бала «қалай сөйлеу керек?» деген нұсқауды ғана емес, ересектердің бір-бірімен қалай сөйлесетінін де күн сайын бақылап өседі.


Бұл тәсілдердегі ең маңыздысы – мінсіз ата-ана болуға ұмтылу емес, әр жағдайда баланың орнына шешім қабылдап қоймай, оның өз бетінше ойлануына мүмкіндік беру. Кейде біз көмектесеміз деп баланың орнына істеп қоямыз, қорғаймыз деп жауапкершілігін алып қоямыз, тәртіпке үйретеміз деп оның таңдау еркіндігін шектейміз. Ал шын мәнінде тәрбиенің нәтижесі – баланың ата-анасы жанында болмаған кезде де дұрыс шешім қабылдай алуынан көрінеді.

Сондықтан бүгіннен бастап бала тәрбиелеу барысында «Мұны балам өзі істей ала ма?», «Мен қазір оған көмектесіп жатырмын ба, әлде оның орнына істеп жатырмын ба?», «Мен оның қателігін түзетіп жатырмын ба, әлде қателігінен сабақ алуына мүмкіндік беріп жатырмын ба?» деген үш сұрақты өзіңізге қойып отырыңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

тағы да оқыңыз:

Осы 6 ДАҒДЫны үйренген бала МИЛЛИОНЕР болады

Мына 5 жағдайда балаға ұрсуға болмайды