Бір қызығы – жүргізушілер мұндай қателіктердің көпшілігін байқамай жасап қояды.
фото: kz.kursiv.media
Бүгінде автокөлік – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Біріміз жұмысқа барып келу үшін пайдаланамыз, енді біріміз отбасы мүшелерін тасимыз, ал кей адамдар көлігін табыс табудың негізгі құралына айналдырған. Сондықтан темір тұлпардың техникалық жағдайы жақсы болғаны бәрімізге маңызды.
Алайда көлікке күтім жасау деген тек май мен суды, дөңгелектерді уақтылы ауыстырумен шектелмейді. Көлік ұзақ қызмет еткенін қаласаңыз оның жағдайына мән берген абзал. Себебі, жүргізушілердің кейбір әдеттері автомобильдің біртіндеп тозып, кейін қымбат жөндеуге ұшырауына ықпал етеді. Бір қызығы – жүргізушілер мұндай қателіктердің көпшілігін байқамай жасап қояды.
1. Қызбаған қозғалтқышпен бірден жылдам қозғалу
Таңертең көлікке отырып, қозғалтқышты іске қосқан бойда бірден жоғары жылдамдықпен қозғалу – жиі кездесетін әдеттердің бірі. Заманауи автомобильдерді ұзақ уақыт орнында қыздыру міндетті емес. Бірақ қозғалтқыш іске қосылғаннан кейін алғашқы минуттарда қатты қинамаған жөн. Әсіресе қызбаған кезде қозғалтқыш майының тұтқырлығы жоғары болады. Май қозғалтқыштың барлық бөлшектеріне бірден толық жетпей тұрып, жоғары айналым беру тозуын арттыруы мүмкін. Сондықтан қозғалтқыш іске қосылғаннан кейін біраз уақыт қалыпты режимде қозғалып, жұмыс температурасына біртіндеп жеткізген дұрыс.
2. Май ауыстыруды үнемдеймін деп уақыт созу
«Май әлі қарайған жоқ», «көлік жақсы жүріп тұр» немесе «тағы бірнеше мың шақырым жүре береді» деген түсінік кейін қымбатқа түсуі мүмкін. Себебі, қозғалтқыш майы уақыт өте келе өз қасиеттерін жоғалтады. Оның құрамындағы қоспалар да біртіндеп тиімділігін төмендетеді. Май ауыстыру интервалы автомобильдің моделіне, қозғалтқышына, қолданылатын майдың түріне және пайдалану жағдайына байланысты. Сондықтан нақты мерзімді көлік өндірушісінің нұсқаулығынан қараған дұрыс. Маңыздысы – май деңгейін де мезгіл-мезгіл тексеру. Майдың азаюы немесе оның шамадан тыс жұмсалуының себебін анықтамай жүре беру дұрыс емес.
3. Бакты үнемі «құрғатып» жүру
Кей жүргізушілер жанармай құю бекетіне тек жанармай таусылуға таяғанда барады. Бұл әдеттің бірнеше кері әсері болуы мүмкін. Алдымен автокөліктің жанармай жүйесіне байланысты мәселелер туындап, жолда қалу қаупі артады. Әсіресе ұзақ жолға шығар алдында бактағы жанармайды тым аз күйде қалдырмаған жөн. Қала ішінде де үнемі аз жанармаймен жүруді әдетке айналдырмаған дұрыс.
4. Шұңқырдан тежегішті басып өту
Жолдағы шұңқырды көрген жүргізуші инстинктивті түрде тежегішті басады. Бірақ шұңқырдан тежегішті басқан күйде өту аспаға түсетін жүктемені арттыруы мүмкін. Сондықтан мүмкіндік болса, шұңқырға немесе жол кедергісіне жетпей тұрып баяулаған дұрыс.
Шұңқырды жоғары жылдамдықпен кесіп өту де дөңгелекке, дискке, амортизаторға және аспаның басқа бөлшектеріне зиян келтіруі ықтимал.
5. Дөңгелек қысымын тексермеу
Дөңгелекке ауа толтырып қойғаннан кейін айлап тексермейтін жүргізушілер де бар. Ал шинаның қысымы автомобильдің басқарылуына, тежеу жолына, жанармай шығынына және шинаның тозуына әсер етеді. Қысым өндіруші ұсынған деңгейде болғаны жөн. Нақты көрсеткішті көліктің нұсқаулығынан немесе жүргізуші есігінің маңындағы арнайы жапсырмадан табуға болады. Дөңгелек қысымын шиналар қызбай тұрып тексерген дұрыс.
6. Панельдегі ескерту белгілерін елемеу
Көлік панелінде жанған белгі – жай ғана «жарық» емес. Ол автомобильдің белгілі бір жүйесінде мәселе болуы мүмкін екенін көрсетеді. Кей жүргізушілер «өзі өшіп қалар» деп жүре береді. Ал кей жағдайда кішкентай ақау уақыт өте келе үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Әсіресе қозғалтқыш, май қысымы, тежегіш жүйесі немесе температураға қатысты ескерту белгілерін елемеуге болмайды. Белгі жанса, оның мағынасын автомобильдің нұсқаулығынан тексеріп, қажет болса маманға көрсеткен дұрыс.
7. Көлікке үнемі шамадан тыс жүк арту
«Бір рет артсам ештеңе болмас» деп көлікке белгіленген мөлшерден артық жүк салу да әдетке айналмауы керек. Артық салмақ автомобильдің аспасына, дөңгелектеріне, тежегіш жүйесіне және қозғалтқышына қосымша күш түсіреді. Әсіресе ұзақ сапар кезінде. Сондықтан өндіруші белгілеген рұқсат етілген жүк көрсеткішін ескерген жөн.
8. Сапасыз жанармай мен сапасыз техникалық сұйықтықтарды таңдау
Автокөлікке арналған май, антифриз және басқа да техникалық сұйықтықтарды таңдағанда тек бағасына қарау дұрыс емес. «Арзан екен» деп белгісіз өнімді пайдалану кейін қозғалтқышқа немесе басқа жүйелерге зиян тигізіп, шығынды көбейтуі мүмкін. Жанармай таңдағанда да сенімді жанармай құю станцияларын пайдаланған дұрыс. Егер көлік өндірушісі белгілі бір октан санын ұсынса, сол талапты сақтау қажет.
9. Ұсақ ақауларды кейінге қалдыру
Автомобильден бөтен дыбыс шықты ма? Руль дірілдей ме? Тежеу кезінде көлік бір жаққа тарта ма? Қозғалтқыш бұрынғыдан қатты жұмыс істей бастады ма? Мұндай белгілердің бәрін елемей жүре беру – жүргізушілер арасында жиі кездесетін қателік. Автокөлік көбіне ақау туралы алдын ала белгі береді. Мәселе ерте анықталса, оны жөндеу де жеңілірек болуы мүмкін. Ал «әзірге жүріп тұр ғой» деген ұстаным кей жағдайда шығынды бірнеше есе арттырады.
Көліктің ғұмырын қалай ұзартуға болады?
Автомобиль ұзақ әрі сенімді қызмет етуі үшін күрделі нәрсе жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы – тұрақты күтім. Біріншіден, техникалық қызмет көрсету мерзімдерін өткізіп алмау керек. Екіншіден, қозғалтқыш майын, сұйықтықтарды және дөңгелек қысымын бақылаған жөн. Үшіншіден, көліктің кез келген өзгерісіне назар аудару қажет.
Сонымен қатар автомобильді жүргізу мәнері де маңызды. Кенеттен үдету, күрт тежеу, шұңқырлардан жоғары жылдамдықпен өту және қозғалтқышты үнемі жоғары айналымда ұстау көліктің көптеген бөлшектерінің тез тозуына әкелуі мүмкін. Кейде автокөлікке жұмсалған аз ғана уақыт пен шағын шығын кейінгі қымбат жөндеудің алдын алады. Сондықтан темір тұлпарға «бұзылған кезде жөндеймін» деген қағидамен емес, «бұзылмай тұрып күтім жасаймын» деген ұстаныммен қараған дұрыс. Өйткені автомобильдің ұзақ қызмет етуіне оның шығарылған жылы емес, иесінің қалай қарайтыны тікелей әсер етеді.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Автоматты көлік жүргізудің 7 АЛТЫН ЕРЕЖЕСІ
"ӨЗІҢ ЖУ": КӨЛІК ЖУУда көпшілік жіберетін ҚАТЕЛІКТЕР және ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСТЕР


