Сурет: ЖИ
Ерлі-зайыптылардың «оңаша ойынынан» кейін әйелде жағымсыз сезім немесе ауырсыну пайда болса, бұған себеп өте көп. Бірақ бірден қорқудың қажеті жоқ, бұл мәселелердің барлығы бірдей ауыр аурудың белгісі емес.
МЕДИЦИНАЛЫҚ СЕБЕП: инфекциялар мен қабынулар
Бактериялық вагиноз, молочница (кандидоз), хламидиоз немесе герпес сияқты инфекциялар жыныстық қатынас кезінде де, одан кейін де ашып ауру мен дискомфорт тудырады.
Американдық акушер-гинекологтар коллегиясының зерттеулеріне сәйкес, созылмалы немесе кенеттен пайда болған диспареунияның (ауырсынулы жыныстық қатынас) басты себептерінің бірі — жамбас ағзаларының қабыну аурулары мен инфекциялар.
Не істеу керек? Өз бетіңізше емделуге болмайды. Медициналық зерттеулер бойынша, уақытылы мазок (микрофлораға анализ) тапсыру мәселенің 80%-ын анықтап береді. Гинекологтар мұндай белгілер байқалған бойда өзін-өзі емдемей, микрофлораға анализ тапсыруға кеңес береді.
ЖАМБАС ТҮБІ бұлшықеттерінің шамадан тыс ширығуы (гипертонус)
Сеология және сексопатология саласының мамандары вагинизм мен жамбас түбі бұлшықеттерінің гипертонусы физиологиялық қана емес, психологиялық факторлардан да туындайтынын айтады. Ұзақ отырып жұмыс істеу, стресс немесе психологиялық қорқыныш жамбас түбі бұлшықеттерінің спазмына (гипертонус) алып келеді. Осындай кезде жыныстық қатынас бұлшықеттерге артық салмақ түсіріп, ауырсыну тудырады.
Не істеу керек? Кегель жаттығуларымен қатар, бұлшықетті босаңсытуға бағытталған тыныс алу гимнастикасы мен физиотерапия бұлшықет бақылауын қайтаруға көмектеседі. Жылы ванна қабылдау мен созылу (стретчинг) жаттығулары да бұлшықеттердің жиырылуын жазады. Егер мәселе тереңде болса, физиотерапевт немесе сексолог көмектеседі.
ТЕРІДЕГІ АЛЛЕРГИЯлық реакциялар
Кейде қынаптың кілегей қабығы мүшеқапқа (латекске), сабынға немесе лубрикантқа аллергия береді. Бұл жанаспалы дерматитке ұласып, қатынастан кейін қатты ашып, қышуы мүмкін. Егер ауырсыну мен ашып ауру белгілі бір лубрикантты, мүшеқапты немесе гигиеналық құралды пайдаланғаннан кейін күшейсе, себебі жанаспалы дерматитте болуы мүмкін.
Не істеу керек? Дерматологтар мен гинекологтар құрамында хош иістендіргіштер, глицерин немесе парабендері бар өнімдерден қашуға кеңес береді.
ГОРМОНАЛДЫ КОНТРАЦЕПЦИЯның әсері
Белсенді заттардың дозасы төмен гормоналды таблеткалар ағзадағы эстроген деңгейін төмендетіп, қынап тіндерінің сезімталдығына, жұқаруына және құрғауына әсер етуі мүмкін.
Не істеу керек? Репродуктологтар мен эндокринологтардың зерттеулері көрсеткендей, мұндай жағдайда дәрігермен кеңесе отырып, препарат дозасын қайта қарау немесе контрацепцияның өзге түріне көшу қажет.
АЛДЫН АЛА ДАЙЫНДЫҚтың аздығы
Сексологтардың айтуынша, әйел ағзасы толық қозып, табиғи ылғал бөлінуі үшін орташа есеппен 15–20 минут қажет. Дайындықсыз басталған қатынас кілегей қабықта көзге көрінбейтін микрожарақаттар қалдырады. Ол қатынас аяқталған соң да ашып, ауырып тұрады.
Не істеу керек? Алдын ала дайындыққа көбірек уақыт бөліңіз. Егер табиғи ылғал бәрібір жеткіліксіз болса, сапалы лубрикантты молдау жағудан тартынбаңыз.
Әркімнің ағзасы әртүрлі. Егер ауырсыну жиі қайталанса немесе күшейсе, уақыт созбай гинекологқа көрінген абзал.
Аударған: Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ТОЛЫҚША келгендер арықтарға қарағанда ЛӘЗЗАТқа жиірек батады


