Барлық жеңімпаздар алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталып, қатысушыларға шығармашылық табыс пен шабыт тілеп, байқау өз мәресіне жетті.
ERNUR.KZ. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бүгін «Қазан fest» атты жас суретшілер байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараға университеттің «Мәдениет және өнер» факультетіне қарасты «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасы ұйытқы болды.
Биылғы байқау ҚР ПҒА академигі, Қазақстан Көркем Академиясының Түркістан филиалының академигі, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Тәңірбергенов Медеубек Жұматайұлының 60 жылдық мерейтойына орай өтті.
Шығармашылық додаға Шымкент қаласындағы түрлі жоғары оқу орындары мен колледждерден 120-дан астам студент қатысып, қылқалам арқылы күзгі көріністерді бейнелеуде өз шеберліктерін сынады. Байқаудың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген факультет деканы М.Жұматайұлы бұл шараның жастардың шығармашылығын дамытудағы рөліне тоқталды.
Қатысушылар «Жеміс-жидектер», «Күзгі гүлдер», «Күзгі шаруашылық өнімдер» сынды тақырыптар бойынша жұмыстарын ұсынып, күздің молшылығы мен әсемдігін сурет тілімен жеткізуге тырысты.
Шара барысында университеттің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры С.Бейсенбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарды марапаттады.
Байқау қорытындысы бойынша:
І орын – Қанағат Ерғалиұлы (М.Әуезов атындағы ОҚУ)
ІІ орын – Алтынай Серғазина және Анастасия Шушунова (М.Әуезов атындағы ОҚУ)
ІІІ орын – Асылзат Бекадилова (Шымкент университеті), Аида Абдусалиева (М.Әуезов атындағы ОҚУ), Дана Әділхан (Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі)
Сонымен қатар ерекше көзге түскен жас таланттар — Анастасия Анищенко (М.Әуезов атындағы ОҚУ) және Аяна Қабыл (Ә.Қастеев атындағы колледж) «Үздік кескіндемеші» арнайы дипломымен марапатталды.
Барлық жеңімпаздар алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталып, қатысушыларға шығармашылық табыс пен шабыт тілеп, байқау өз мәресіне жетті.