Комиссия төрайымы Қызылгүл Құлбаеваның айтуынша, бұл бастама учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің өз ұсынысымен жүзеге асқан.
ERNUR.KZ. Шымкенттегі Достық үйінде орналасқан №4 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері Құрылтай депутаттарын сайлау күні дауыс беруге келген азаматтарды қазақтың ұлттық киімдерімен қарсы алуда.
Ұлттық киімдер түсі, ою-өрнегі мен сәндік элементтері арқылы ерекшеленеді. Бұл бастама арқылы сайлау учаскесінде ұлттық мәдениетке деген құрмет көрсетіліп, маңызды саяси науқан күні ерекше көңіл күй қалыптастырылған.
Комиссия төрайымы Қызылгүл Құлбаеваның айтуынша, бұл бастама учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің өз ұсынысымен жүзеге асқан. Негізгі мақсат – тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ел үшін маңызды шешімдерді бірлесіп қабылдау дәстүрін дәріптеу.
«Біз бұл күннің ерекше маңызын атап көрсетіп, мерекелік көңіл күй қалыптастыруды және ұлттық мәдениетіміздің байлығын насихаттауды мақсат еттік. Ұлттық киім – ұрпақтар сабақтастығын, салт-дәстүрге және ортақ құндылықтарға деген құрметті білдіреді. Дауыс беру күні ел бірлігінің көрінісі ретінде есте қалғанын қалаймыз», – деді Жансерік Кененбаев.
Сайлау учаскесінде комиссияның 7 мүшесі жұмыс істейді. Олардың барлығы ұлттық киім киген. Комиссия төрайымы, оның орынбасары, хатшысы және төрт мүшесі сайлаушыларды тіркеп, бюллетеньдер береді және дауыс беру тәртібін түсіндіреді.
Учаскелік комиссия мүшелерінің бұл бастамасы азаматтық жауапкершілік пен ұлттық мәдени мұраны құрметтеуді ұштастырған ерекше көрініске айналды.
№4 сайлау учаскесінде барлығы 881 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру үшін үш кабина орнатылып, қажетті жағдай жасалған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қарастырылған.
Сағат 07:00-ден бастап Шымкент тұрғындары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз азаматтық ұстанымдарын білдіру үшін сайлау учаскесіне келіп жатыр.


