Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды.
Шымкент қаласы, 4 маусым 2026 жыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Шымкент қаласындағы Қаратау ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қаратау ауданы әкімдігімен бірлескен патриоттық флешмоб ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, патриоттық рухты нығайту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Флешмобқа мектептің 7, 8 және 9-сыныптарынан 100-ден астам оқушы қатысты. Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Оқушылар жүрек тұсына қолдарын қойып, Әнұранды бір дауыспен шырқап, елге деген сүйіспеншілігі мен құрметін білдірді.
Мерекелік іс-шара барысында заманауи музыка мен ұлттық дәстүрді үйлестірген ерекше флешмоб көрсетілді. Қатысушылардың үйлесімді қимылдары мен шығармашылық қойылымы мемлекеттік рәміздердің маңызын дәріптеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға ықпал етеді.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 маусымда атап өтіледі. Бұл күн Ту, Елтаңба және Әнұран сияқты ел тәуелсіздігінің басты нышандарын ұлықтауға арналған.


