Қазақстанда балалар семіздігін дәрі-дәрмекпен емдеуге рұқсат беріледі

0
130

Балалар арасында да семіздікке шалдыққандардың үлесі 20 пайыздан асады, яғни әрбір бесінші балада осы мәселе бар.


Қазақстанда балалар семіздігін дәрі-дәрмекпен емдеуге рұқсат беріледі

фото: ЖИ

ERNUR.KZ. Қазақстанда балалар семіздігін емдеудің жаңа хаттамасы әзірленіп жатыр. Онда дұрыс тамақтану мен спорттан бөлек, психолог көмегі, дәрі-дәрмекпен емдеу және сирек жағдайда хирургиялық ота жасау қарастырылады, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы дәрігерлер 24KZ телеарнасына мәлімдеді. Жаңа хаттаманы келер жылдың басында бекіту жоспарланып отыр. Қолданыстағы құжатқа тоғыз жылға жуық уақыт бойы өзгеріс енгізілмеген.

Қанша бала семіздікке шалдыққан

2025 жылғы Obesity Atlas халықаралық зерттеуінің дерегіне сәйкес, Қазақстандағы ересектердің жартысынан көбі артық салмақтан зардап шегеді, ал 20 пайызында семіздік бар. Балалар арасында да семіздікке шалдыққандардың үлесі 20 пайыздан асады, яғни әрбір бесінші балада осы мәселе бар.

№2 қалалық балалар ауруханасының эндокринологы Жібек Дасербайдың айтуынша, баланың тамақтануына жай ғана тыйым салу мәселені шешпейді.

– Семіздік – көптеген факторға байланысты созылмалы ауру. Оған отбасындағы әдеттер, генетика, өмір салты, тағамның калориясы, тіпті баланың ұйқыға жататын және оянатын уақыты да әсер етеді, – деп түсіндірді ол.

Балалық шақтағы семіздік ересек өмірде екінші типтегі қант диабетіне, гипертонияға және жүрек ауруларына шалдығу қаупін арттырады.

Психолог көмегі не үшін қажет

Артық салмағы бар балалар жиі келемежге ұшырап, құрдастары тарапынан қысым көреді. Сондықтан жаңа хаттамаға стигматизация, яғни артық салмағы бар адамдарды қоғамның кемсітуі мәселесіне арналған жеке бөлім енгізіледі.

– Кейде «Психолог қандай көмек көрсете алады?» деген түсінік қалыптасқан. Алайда семіздіктің артында психологиялық мәселе жатуы мүмкін. Бала уайымын тамақпен басып, соның салдарынан салмақ қосуы ықтимал. Бұл әсіресе жасөспірімдерге қатысты, – деді Диабет, эндокриндік және метаболикалық аурулар қауымдастығының президенті Айгүл Дурманова.

Дәрі-дәрмек пен хирургиялық ота

Егер дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану және психолог көмегі нәтиже бермесе, дәрігер науқасқа дәрі-дәрмек тағайындай алады. Алайда бұл тек қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша жүзеге асады.

Сондай-ақ хаттамаға бариатриялық хирургияға, яғни салмақты азайтуға бағытталған оталарға қатысты талаптарды енгізу жоспарланып отыр. Мұндай шешімді арнайы комиссия тек ерекше жағдайларда қабылдайды.

– Қазақстанда әзірге бариатриялық хирургия технологиясы да, балаларға мұндай ота жасайтын мамандар да жоқ. Бұл – болашақтың мәселесі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазан айында семіздікті емдеу жөніндегі жаңа ұсынымдарын жариялады. Біз оны да талқылаймыз, – деді Айгүл Дурманова.