«Соқырішегі жарылайын деп тұр»: Ақтауда дәрігер мен оған шабуыл жасаған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтты (ВИДЕО)

0
148

​Олардың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.


«Соқырішегі жарылайын деп тұр»: Ақтауда дәрігер мен оған шабуыл жасаған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтты (ВИДЕО)

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында ер адамның дәрігерге шабуыл жасаған сәті қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы жағдайдан кейін дәрігер де, оның жағасына жармасқан ер адам да оқиғаның қалай болғаны жайлы айтып, желіде видео жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Дәрігерге шабуыл жасаған ер адамның аты-жөні – Шаншархан Абдухалим. Жаңаөзен қаласында туып өсіп, 8 ай бұрын Ақтау қаласына көшіп келіпті. Айтуынша, кенже баласының сөйлей алмауына байланысты емделу үшін қоныс аударуға мәжбүр болған.

«19 қазан күні екінші ұлым – Жамбыл Ибраһим іші ауырып, денесі қызып, шыңғырып жылады. Жанын қоярға жер таппай жылады. Жедел жәрдем келіп, дене қызуы 39 градусқа дейін жеткенін айтып, бірден ауруханаға алып кетеді. Жедел жәрдемнің айтуынша, баламда соқырішектің белгілері бар. Ауруханадан мені хирург дәрігер Қанат Измайылов күтіп алды. Баламның қызуын өлшеу керек деп құрылғысын салу керек екенін айтты. Баламның ішін басқанда да тоқтаусыз жылап жатыр. Арада жарты сағат өткен соң әлгі дәрігерге барып, баламның температурасын өлшейтін құрылғыны денесінен алмайсыз ба десем, бетіме қарап күліп, әлі градус өлшеуішті салмағанын айтты. Балам өліп кетеді ғой, енді қашан саласыз деп едім, арада 15-20 минут өткеннен кейін ғана градус өлшеуішті салды. Қызуы әлі де 39 градусты көрсетіп тұр. Балам ішін ұстатпайды. Соқырішектің белгілері келіп тұр. Іші өтіп, құсып жатты. Үлкен дәретінің түсі жап-жасыл болып кеткен. Баламды қараған соң ішіне жел қарысқан дейді», – дейді Шаншархан Абдухалим.

Ол сөзін жалғай отырып, оны нақтылау үшін анализ алу керектігін айтқанын, оған тағы бір сағат уақыт жұмсағанын жеткізді. Айтуынша, кешкі сағат 5-6 шамасында анализі дайын болған. Онда лейкоцитозы 21,5-ті көрсетіпті.

«Бұл – баланың соқырішегі жарылайын деп тұрған белгі. Дәрігерлерге жалынып, жалбарынып, жылауға дейін бардым. Ешкім көмек көрсеткен жоқ. Балам әлі де шыңғырып жылап жатыр. Бір ине салған соң, жоқ болып, келмей кетеді. Оларды сағат кешкі 6-7-ге дейін күттім. Сонда маған үйіңе қайта бер деп хирургиялық көмек қажет емес деген қолхат жазып берді. Шыңғырып жылап жатқан баламды көтеріп, жүгіріп жүрмін. Баламды ауруханаға жатқызуын сұраймын. Ешқайсысы көмек көрсетер емес. Сағат түнгі 11 болып қалды. Біз әлі жүрміз», – дейді үш баланың әкесі көзі жасаурап.

Осы жағдайдан соң дәрігер Қанат Измайылов арнайы видео түсіріп, өз нұсқасында оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның бұл видеосын блогер Азамат Сәрсенбаев желідегі парақшасында жариялады.

«Хирургиялық бағыттағы дәрігерлік өтілім 20 жылдан асады. Маған соқырішек диагнозын қоймады деген жала жабылып отыр. Ал ол баланы өзім небәрі 15 минут қана көрдім. Ол 19 қазан күні менің жұмыс уақытымның соңына таман, сағат 16:51-де келді. Мен тиісті тексеру жүргізіп, оны келесі кезекші дәрігерге тапсырдым. Одан кейін ол баланы көрген емеспін. Маған осыған байланысты жала жабылып отыр. Соқырішек диагнозын қойған жоқ дейді. Мұндай жағдай болған емес. Олар екінші рет жүгінген кезде аз уақыт ішінде тексеріп шықтық. Ол операциядан кейінгі кезеңде жүгініп отыр. Балаға осыған дейін ота жасалған. Ал бұл жолы басқа ауру болуы мүмкін. Міндетті түрде ота жасау қажет емес деп түсіндірмек болған едім, маған шабуыл жасады. Мен онымен дауласқан емеспін. Бәрі заң аясында болды», – дейді хирург Қанат Измайылов.

Ол сөзін жалғай отырып, еңбек еткен 20 жылдан аса уақыт ішінде көптеген науқасты емдегенін, ал осы жағдай өзіне қатты әсер еткенін тілге тиек етті.

«Ол маған не үшін шабуыл жасады? Мен оған не істедім? Бала осында. Иә, арасында жылап тұрды. Бірақ тірі. Біз оған көмектескіміз келді. Ал ол жағама жармасты. Әр адам осылай шабуыл жасаса, біздің неміз қалады? Осыдан кейін қалай жұмыс істеймін? Бәріне бірдей күлімдеп қарап, психолог бола алмаймыз. Біздің де өз қайғымыз бар. Ал жұмыс барысында біз бәрін заң аясында, Денсаулық сақтау министрлігі тағайындаған протокол аясында ғана өткізуге тырысамыз», – дейді дәрігер.

Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстау облысында балалар ауруханасында ер адам дәрігердің жағасынан алып, шабуыл жасағаны туралы хабарланған.