Қариялардың ақылы мен батасы, салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізудегі рөлі ерекше атап өтілді.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» Қарттар күніне орай, «Қарттар – ұрпақ тәрбиесінің өнегесі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шараға ардақты қариялар, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар, ардагерлер ұйымының өкілдері, өнерпаздар және орталық қызметкерлері қатысты.
Жиынның шымылдығы «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Яссы» би ансамблі орындаған «Сағыныш» биімен ашылды.
Шара барысында аға буын өкілдерінің қоғамдағы орны, олардың өмірлік тәжірибесі мен ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі сөз болды. Қариялардың ақылы мен батасы, салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізудегі рөлі ерекше атап өтілді.
Мерекелік жиында орталықтың қоғамдық өміріне белсенді араласып, түрлі бағыттағы іс-шараларға атсалысып жүрген бірқатар қариялар арнайы марапатталды. Оларға алғыс хаттар мен мерекелік сый-сияпаттар табысталып, еңбектері мен белсенділіктеріне ризашылық білдірілді.
Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, ардагерлер қозғалысының белсенді ұйымдастырушысы Асқар Асылбек Жұмабайұлы қарияларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Қазақ қоғамында қарияның орны әрдайым ерекше болған. Үлкеннің батасын алып, ақылын тыңдау – халқымыздың ежелден келе жатқан жақсы дәстүрі. Сіздер талай жыл елге қызмет етіп, қоғамның дамуына үлес қостыңыздар. Барша ардагерлерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, ел-жұрттың ортасында аман-есен жүре беріңіздер, – деді ол.
Мерекелік кеш мәдени бағдарламаға ұласты. Шымкент қаласы сатира және әзіл-сықақ театрының өнерпаздары әзілге құрылған көріністер ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, танымал әнші Ақсұлу Оңғарбаева сахнаға шығып, «Қуанышың көп болсын» әнін орындап, қарияларға музыкалық тарту жасады.
Мерекелік шара барысында қариялар өнерпаздардың өнерін тамашалап, ән тыңдап, әзілге куә болып, бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, мерекелік көңіл күйге бөленді.
Жиын соңында орталық ұйымдастырушылары барша қарияларды Қарттар күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы амандығын тіледі.


