Жапонияда тайфун салдарынан 4 мыңнан астам адам жарықсыз қалды

0
95

​Табиғи апат салдарынан 13 адам қаза тауып, теміржол қатынасы бұзылды.


Жапонияда тайфун салдарынан 4 мыңнан астам адам жарықсыз қалды

ERNUR.KZ. Жапония тұрғындары табиғи апаттың салдарын бір аптадан астам уақыттан бері тартып келеді. 20 қыркүйекте Тынық мұхиты жағалауын бойлай өткен тайфун елдің бірнеше өңіріне әсер етті, деп жазады baq.kz.

News of Japan мәліметінше, табиғи апат салдарынан Тиба және Канагава префектураларында адам өлімі тіркелген. Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Соңғы өлім жағдайы Канагава префектурасында тіркелген.

Онда 20 жастағы қыз қаза болды. Оны ауа райының қолайсыздығынан болған көшкін салдарынан зақымданған ғимараттың ішінен алып шыққан. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Кейін қыздың бұған дейін із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болғаны анықталды.

ТАСС мәліметінше, Токиоға іргелес орналасқан Жапонияның Тиба префектурасында 4 мыңнан астам тұрғын әлі де электр жарығынсыз отыр.

Сонымен қатар көшкіндер жергілікті теміржол желісінің бес учаскесін басып қалған. Бұған дейін бұл теміржолды күн сайын шамамен 54 мың адам пайдаланған.