«Жылдың 10 оқырманы» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асады

0
103

Елімізде Президенттің тапсырмасына сәйкес кітап саласын заңнамалық реттеу жұмысы басталды.


«Жылдың 10 оқырманы» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асады

ERNUR.KZ. Салалық сарапшылармен талқылау нәтижесінде «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасының жұмыс нұсқасы әзірленді. Онда кітапханаларды жаңғырту, кітап қорын толықтыру және кітап шығару ісін қолдау тетіктерін қарастыру көзделген. Бұны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.

Сондай-ақ 2027 жылы Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу жоспарланып отыр.

«Ол кітапханалардың бірыңғай цифрлық ортаны жасақтауға мүмкіндік береді. Ортақ электрондық каталог жасау бірыңғай оқырман билетін енгізу, және басқа да цифрлық қызметтерді дамыту жоспарланған», – деді спикер.

Сонымен қатар жасанды интеллектіні дамыту жағдайында кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін ілгерілетудің 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы әзірленуде. Құжатта балалар мен жастарды кітап оқуға тарту, кітапханаларды жаңғырту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері қамтылады.

Президент Жарлығында көзделген бастамалардың бірі -«Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы. Ол 1 қыркүйекте кітап оқу марафонымен басталды. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі бейнеүндеу жолдап, қазақстандықтарды кітап оқуға және жобаға қатысуға шақырды. Ведомствоның ұстанымы айқын: кітап оқу мәдениеті бір реттік науқанмен қалыптаспайды.

«Сондықтан біз кітап оқу мен зияткерліктің қоғамдағы беделін арттыратын тұрақты ұлттық жүйе қалыптастырып жатырмыз. Енді «Жылдың 10 оқырманы» жобасының ерекшеліктеріне тоқталайын. Ен бастысы, жоба өңірлерде нәтижесін көрсеткен тәжірибеге сүйенеді. Ол «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры өткізген кітап оқу марафонының тәжірибесі негізінде жүзеге асырылады. Былтыр үш өңірде пилоттық форматта өткен марафонға 190 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе жастар белсенділік танытты», – деді А.Құрманова.

Осы нәтижені ескере отырып, биыл жоба барлық өңірде жүзеге асады. Мәдениет және ақпарат министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық қормен бірлесіп жұмысты үйлестіріп отыр. Жоба қоғамның кең ауқымын қамтиды.

Оған жеті негізгі санат бойынша мектеп оқушылары, колледждердің білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш буын өкілдері қатысатын отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және өзге де азаматтар қатыса алады.