Қаладағы тұрғындар қоныстанған елді мекендер жыл соңына дейін толық асфальтпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар А-2 айналма жолы қайта құрылып, транзиттік көліктерге жағдай жасалуда. Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы келесі жылы аяқталады.
Шымкент қаласында Мемлекет басшысының жергілікті жолдардың 95 пайызының сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1 000-нан астам шақырым жолға асфальт салу жоспарланып, оның 97 пайызы орындалды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.
«Қаладағы тұрғындар қоныстанған елді мекендер жыл соңына дейін толық асфальтпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар А-2 айналма жолы қайта құрылып, транзиттік көліктерге жағдай жасалуда. Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы келесі жылы аяқталады. Қалада Момынов және Тіленшин көшелеріндегі ірі теміржол өткелдерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Момынов өткелі 95 пайызға дайын және жақын арада толық көлік қозғалысына ашылады. Тіленшин өткелінің ашылуы келесі жылға жоспарланған. Ауыр жүк көліктерінің жолдарға зиянын азайту мақсатында қалаға кіретін үш бағытта артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылып, қараша айынан бастап 240 млн теңге айыппұл салынды. Келесі жылы жүйе тағы алты бағытқа орнатылмақ», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар, қала әкімінің айтуынша, әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы басталған. Бұл жоба Шымкентті халықаралық мультимодальды хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.


