Осындай КЕЗДЕСУ болмаса, ОТБАСЫ құруды ойлама!

0
165


Осындай КЕЗДЕСУ болмаса, ОТБАСЫ құруды ойлама!

Көп адам үшін қарым-қатынастың басты көрсеткіші – махаббат, сезім, романтика сынды сыртқы белгілермен шектеліп жатады. Бірақ шынайы отбасылық одақ – жай ғана әдемі сәттерден тұратын серіктестік емес. Бұл күнделікті өмірде, түрлі жағдайларда бір-біріңді қаншалықты түсіне алатының, қолдайтының, қабылдайтының.

Отбасын құру - үлкен жауапкершілік. Ол тек махаббатпен емес, өмірлік қиындықтарда да бір бола алатын қабілетпен өлшенеді. Сондықтан үйленуді жоспарламас бұрын, мынадай 8 түрлі кездесу ұйымдастырып, серігіңмен қандай байланыста екеніңді байқап көр. Бұл кездесулер қарым-қатынастың тереңдігін, сенім мен құрметтің бар-жоғын анық көрсететін нағыз сынақ.


1. Жоспарсыз кездесу

Еш жоспарсыз жолығып, жай ғана бағытсыз серуендеу. Мұндай кездесу адамның белгісіз жағдайда өзін қалай ұстайтынын бақылауға мүмкіндік береді. Сендерге аяқасты, жоспарсыз бірге болу жайлы ма? Басқа адамдарсыз, ойын-сауықсыз бір-біріңе қызықсыңдар ма? Сценарийсіз, жай ғана бірге бола аласыңдар ма? Кездесу кезінде осы сұрақтардың жауабын іздеу керек.


2. «Шынайы өмір» кездесуі

Әрине, кездесу кезінде әдемі жерлерге бару, дәмді тамақ ішу, ойын-сауықпен уақытты қызықты өткізу – мұның бәрі тамаша. Алайда өмір тек ондай сәттерден тұрмайды. Әсіресе, отбасылық өмірде мұндай «мерекелер» емес, күнделікті тұрмыстық тіршіліктер басым. Шаруа бастан асқанда, мәселе аяқтан шалғанда, романтикаға уақыт болмаған кезде, араларыңда байланыс, махаббат, жылылық бола ма? Осыны дүкенге бірге бару, үйге азық-түлік алу, тұрмыстық шаруаларды бірге істеу, т.с.с.«шынайы өмір» кездесуі арқылы бірге анықтаңдар.


3. Тыныштықтағы кездесу

Орманға, жағаға немесе жол бойына барып, үндемей отыру. Бір сағаттай сөйлеспей, жай ғана жаныңда болу. Көп жағдайда шынайы сенім тыныштықта байқалады. Сендерді байланыстыратын не – терең түсіністік пе әлде жай ғана «тыныштықтан» құтылу үшін сөйлесу ме?


4. Қақтығыс кезіндегі кездесу

Пікір таластырудан, дауласудан қорықпа, керісінше, әдейі даулы жағдай туындатып, байқап көр. Ол басқаның пікірін тыңдай ала ма? Сөзіңді елеп-ескере ме? Әлде «тек менікі дұрыс» деп бас-көз жоқ сөйлей ме? Шекараңды сыйлай ма, баса-көктеп бұзып кіре ме? Байыппен пікірталас жүргізе ала ма? Әлде қысым көрсетіп, манипуляция жасап немесе мәселеден қашу үшін «жабулы қазанды ашпауға» тырыса ма? Осының бәріне мән бер.


5. Достар ортасындағы кездесу

Ол басқалармен қалай араласады, соны бақыла. Құрмет көрсете ме, жаңаға ашық па, сенімен бірге жүргеніне мақтана ма? Өйткені қарым‑қатынас бұл жай ғана «екеудің байланысы» емес, сонымен қатар сыртқы ортамен байланыс.


6. «Ыңғайсыз» кездесу

Екеуіңіз де білмейтін нәрсені үйрететін мастер-класқа барыңыздар: билеу, тамақ пісіру, мүсін жасау. Ол бірдеңені жасау қолынан келмей жатқанда не істейді? Өзін қалай ұстайды? Күле ме, ашулана ма, кінә таға ма? Сен қателескенде қалай әрекет етеді? «Ыңғайсыз жағдайдағы» кездесу адамның болмысындағы жасырған тұстарын ашып көрсетеді.


7. Әңгімелесу кездесуi

Қарым-қатынас, өмір, жақындар, басқа да маңызды нәрселер жайында терең мағыналы он шақты сұрақ дайында. Мысалы:

– Қарым‑қатынаста неден қорқасың?

– Махаббат деген сен үшін не?

– Неге өкінесің?

Кездесу кезінде сұрақтарды қойып, соған жауап алу арқылы көп нәрсені ұғуға болады. Егер адам шынайы бола алса, әлсіздігін көрсете білсе, бұл жақындықтың негізі. Әр жауабы бетперденің ар жағынан шығып жатса, мұны аңғарарсың деп сенемін.

Сұрақ-жауап біржақты болмасын, оған да сондай сұрақтар дайындап келуді тапсыр. Сауалдарына шынайы жауап бер.


8. «Үнсіз қолдау» кездесуi

Адам шын мәнінде қандай екенін әсіресе саған қиын сәтте айқын көруге болады. Сол кезде ол қалай әрекет етеді?

Ештеңе айтпай, не істерін білмей қатып қалады ма? Әлде сол қиындыққа тап болғаның үшін өзіңді кінәлай ма? Мүмкін, бірден «құтқарушы» рөлін алып, сенің сезіміңе орын қалдырмай, бәрін реттеуге кірісетін болар? Немесе жағдайды жеңілдетуге тырысып, «Осы да қиын боп па? Ештеңе етпейді» деп құнсыздандыра ма?

Әлде ең құнды әрекетті жасап, ешқайда қашпай, қасыңда қала ала ма? Сөзсіз де болса, қолыңнан ұстап, жай ғана: «Мен сенің жаныңдамын» дей ала ма?

Осындай үнсіз, бірақ шынайы қолдау кейде мыңдаған жылы сөзден де маңызды. Бұл сенімді, қауіпсіз байланыстың белгісі. Өйткені махаббат – тек қуанышты сәттерде емес, басыңа бұлт үйірілгенде де жаныңнан табыла білуінде.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ