Жоғары нәтиже көрсеткен ауылдық округтер марапатталды.
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласының мамандарына арналған «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аудан әкімі Мадияр Оразалиев осы салада аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән беріп келеді. Сондықтан өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды енгізу бағытында Қытай, Түркия және Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін қолдануымыз тиіс. Табиғаты қолайлы, еңбек күші мол ауданымызда бұл саланы дамытуға барлық жағдай бар. Заман талабына сай өрлеу үшін ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелер белгілеп отырмыз. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есеге арттыруға күш саламыз, – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында Сайрам ауданы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ауылдық округтер марапатталды. Атап айтсақ, I орын – Қарабұлақ ауылдық округі, II орын – Қарасу ауылдық округі және III орын – Манкент ауылдық округі иеленді.
Сондай-ақ аудандағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері «Озаттар», Құрмет грамоталары және «Үздіктер» номинациялары бойынша марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, ауданда 9 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл облыстық көрсеткіштің 10 пайызын құрайды. Облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің 12 пайызы Сайрам ауданында өндіріледі. Өткен жылы 10 айда 124,5 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 136,5 млрд теңгеге жетті. «AGRO FEST – 2025» іс-шарасында аудан «Қайта өңдеу бағытын дамытуда озат аудан» деп танылды.Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Тамақ өндірісіне 9,2 млрд теңге инвестиция тартылды.Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге жоғары.


